Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында Костенко атындағы шахтададағы апаттан қаза тапқан кеншілердің туыстарына қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында қаза тапқан кеншілердің 46 отбасы БЖЗҚ арқылы жерлеу рәсімі үшін біржолғы төлем құжаттарын рәсімдегенін жеткізді.
- 42 адамға жәрдемақы берілді. Қалған кеншілерге төлем рәсімдері жүргізілуде. Республикалық бюджеттен 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарында оқитын және өзге кәмелетке толмаған балалары бар 20 отбасыға асыраушысынан айрылған жағдайдағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Сонымен қатар қаза тапқан кеншілердің отбасыларына өзге қолдау көрсетіледі, - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкімнің айтуынша, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы тарапынан 41 отбасыға 10 жылдық көлемінде жалақы төленген. Қаза тапқан кеншілердің жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелері өтелді. Сондай-ақ компания әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр есепті ескере отырып, пәтер сатып алуға міндеттелді. Сақтандыру төлемдері мен 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орнында оқитын балаларға білім алу ақысы қараша айынан бастап төлене бастайды.
- Зардап шеккен 10 адам дәрігерлердің бақылауында, олардың жағдайы орташа және жеңіл дәреже делінеді. Кеншілер қажетті медициналық көмек алуда, - деді әкім.
Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қарасты Костенко атындағы шахтадағы апат 2023 жылы 28 қазанға қараған түні сағат 02:33 болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болды, жер бетіне 206 кенші шығып үлгерді. Бастапқыда төрт құрбан туралы хабарланды, бірақ жер астында қалғандардың барлығы - 46 шахтер де қаза тапты.
Шахтадағы төтенше жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "АрселорМиттал Теміртау "компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
4 қарашада "АрселорМиттал Теміртауды" қазақстандық инвестор сатып алатыны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы жаппай улану: оқушылар неден ұшынды