Алтай Көлгінов: Аз қамтылған отбасыдағы әр балаға 40 мың теңгеден көмек көрсетіледі

24.08.2020 в 17:39

Енді көпбалалы отбасыда 4 бала болса 160 мың теңгенің, 3 бала болса, 120 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетіледі

Елордада аз қамтылған отбасыдағы әр балаға 40 мың теңгеден көмек көрсетіледі. Бұл туралы педагогика қызметкерлерінің тамыз кеңесінде елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Тағы бір маңызды тақырып - отбасыдағы балалардың жағдайы. Жыл сайын жалпыға міндетті орта білім бағдарламасы бойынша мұқтаж оқушыларға материалдық көмек көрсетіледі. Өткен жылы аз қамтылған отбасылардағы әр балаға 30 мың теңге мөлшерінде көмек көрсеттік. Ол көмекті 12 700 бала алды»,– деді қала басшысы. 

Оның айтуынша, биыл бұл мөлшер 10 мың теңгеге арттырылып 40 мың теңгеге жеткізілген. Енді көпбалалы отбасыда 4 бала болса 160 мың теңгенің, 3 бала болса, 120 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетіледі. 

«Әрине, бұл қазіргі жағдайда, жұмыс тоқтап, шағын бизнес тарапынан 60 млрд теңге бюджетке түспей қалған кезде қиын. Бірақ, соған қарамастан біз, әсіресе, аз қамтылған отбасыларды қолдауды жалғастырудамыз. Алайда қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «судың да сұрауы бар». Өйткені, ата-аналар қаражатты қолға беріңдер деп жатыр. Біз де соны қаладық. Бірақ, заң бойынша олай жасай алмайды екенбіз. Себебі Үкімет қаулысында ол қаражатты жұмсаудың нақты мақсаты көрсетілген. Ең алдымен балаларға мектепке қажетті киім-кешек, мектеп заттарын алу керек. Мемлекеттік бюджет болғаннан кейін әрбір тиынның есебін беруіміз керек. Соны түсіндірдік, ата-аналар түсінді»,– деді Алтай Көлгінов.