Қостанайдағы өрт: Әулиекөлде ауыл тұрғындарына үй салына бастады

07.09.2022 17:39

Әулиекөл ауылында 2 гектар жер учаскесі бөлінді

Қостанай облысы Әулиекөл ауданында орман өртінен зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

91 үй Әулиекөл ауданының орталығына салынбақшы. Біртіндеп бетондар да жеткізіліп жатыр. Үйдің іргетасы салынатын сызбаларды да топырақпен белгіленген. Үйлері өртеніп кеткен Аманқарағай ауылының тұрғындары бүгін таңертең осында жиналды. 15 шақты отбасы бұл жерде тұрғысы келмейтінін жеткізді. Олардың айтуынша, біріншіден, жұмыстарына алыс екен. Әр үйден күніне 4-5 адамның Аманқарағайға қатынауы қиын болады дейді. Оның үстіне үй сазды жерге салынады.

«Бізге өзіміздің бұрынғы үйімізден  үлкен үй керек емес. Тек сол Аманқарағайдан салынса дейміз. Онда жерлер бар ғой. Ал мына жақтан қатынау ауырлық қылады. Жері де құнарлы емес», – деді Аманқарағай ауылының тұрғыны Владимир Гейгер.


Аманқарағай ауылы тұрғындарының пікірі екіге бөлінген. Жаңа үйге көшеміз дейтіндер де бар. Айтуларынша, қымбатшылық қысқан заманда өздігіңнен үй салу ауыр тиеді. Сондықтан дайын үйге кірген абзал.

«Аманқарағайда әкемнің және менің үйім өртенді. Түгі қалмады. 20 жыл мекендеген ауылым ғой. Қимаймыз. Бірақ, амал жоқ, көшуге тура келеді. Үй салуға әкемнің де, менің де шамамыз келмейді», – деді Аманқарағай ауылының тұрғыны Земфира Томенкова.



Ал Қостанай облысы Құрылыс басқармасының басшысының айтуынша, үйлер сапалы салынады. Баспаналарды тұрғызуға Қазақстандағы ірі құрылыс компаниялары жұмылдырылыпты. 91 үйдің әрқайсысы 100 шаршы метр. Жергілікті шенеуніктер, мұнда үй салу ауданды дамытудың бас жоспарында болған.

«Ауданды дамытудың 2018  жылы бекітілген бас жоспары бар. Соған байланысты үйлер тұрғызылады. Баспаналар бір қабатты, бес бөлмелі болады. Қазір жер телімдерін бөлу жұмыстары жүргізіліп, іргетасын құю үшін жер қазылып басталды», – деді Қостанай облысы әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Берік Тоқжарықов.

Айта кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаев үйлері өртенген отбасыларға суық түспей тездетіп баспана тұрғызып беруді тапсырған еді. Қазір мына алаңда құрылыс басталып кетті.