Бұған дейін партиялық тізімдерде әйелдер мен жастардың 30 проценттік квотасын сақтау туралы норма енгізілген болатын
Мәжіліс депутаттары сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілген өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, бұған дейін партиялық тізімдерде әйелдер мен жастардың 30 проценттік квотасын сақтау туралы норма енгізілген болатын. Осыдан кейін мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға заңнамалық қызметке қатысуға жағдай жасауды тапсырды.
"Осы тапсырманы іске асыру мақсатында сайлау туралы Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер әзірленді. Оған сәйкес, әйелдер, 29 жасқа толмаған және мүгедек адамдар үшін 30 проценттік квотадан бөлек мәжілісте депутаттық мандаттарды бөлу кезінде оларды есепке алу қажеттілігі бекітіледі", - деді Мусин мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттар бұрынғы әріптесіне бірнеше сұрақ қойды. Жанарбек Әшімжан кандидаттардың ұсыну кезінде квотаның сақталатынын, ал тізімді бекіткенде ондай міндетті қалай орындау қажеттігін сұрады. Министр Мусиннің айутынша, кандидаттарды тіркеу квотасы қатаң сақталуы қажет. Ал әрбір саяси партия кімге қанша орын берілетінін өзі шешеді.
Тізімде квоталық кандидаттардың саны одан көп болуы да мүмкін.
Басқа депутаттар 30 проценттік квотада әйелдер, жастар мен мүгедектердің нақты үлесін бекітуді ұсынды. Себебі ондай тәжірибе шетелде бар. Әділет министрі ондай қажеттілік жоқ деп санайды. Өйткені әрбір партия өз мақсаттары мен жоспарына қарай квоталық орындарын реттеп отырады.
Мәжіліс "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заңның жобасын мақұлады. Осыған байланысты Саяси партиялар туралы" заңға да өзгеріс енгізілді. Екі құжат сенатқа жолданды.