Ақтөбеде үй өртеніп, көпбалалы отбасы далада қалды

22.02.2019 17:40

Қазір 6 балалы отбасы туыстарының үйін жағалап жүр

inform.kz

Ақтөбе қаласындағы Сүт зауыты ауданында үй өртеніп кетті. Қазір 6 балалы отбасы туыстарының үйін жағалап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласында Байтөбетовтер отбасы далада қалды. Өрт кеше жергілікті уақытпен сағат 15:00-де тіркелді.  

«Бір үйде 8 жан тұрамыз. Менің 6 балам бар. Баламыздың үлкені 5-сыныпта оқиды, кішкентайым - 3 айлық. Кешегі өрттен соң туыстарымызды жағалап, пана іздеп кеттік. Себебі, сол кезде үйде үш балам ғана болды. Інім сыртта, гараж маңында жүріп, үш бала далаға жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп шыққанда ғана көрген. Ішке кіріп, құжаттарын алмақ болды. Бірақ көбі жанып, екі баланың ғана туу туралы куәлігі қалды», - дейді үй иесі Мұрат Байтөбетов.

Өрт болған кезде үйде 10, 5, 2 жастағы балалар ғана болған. Ойнап отырған балалар ойыншық алатын кезде өзге бөлменің жанып жатқанын көрген. Үй ішін қара түтін басқан кезде қорыққан балалар киімсіз далаға қашып шыққан. Үй иелері өрттің неден шыққанын білмейді.

«Өрт кеше сағат 15:00-де болды. Алдымен үйіндегі заттары өртеніп, кейін өрт төбеге ұласты. Өрт сөндіру қызметінен 8 адам 2 автокөлік барды. Сонымен қатар, медицина орталығынан 3 адам, бір автокөлік жіберілді. Өрт 15:38-де ауыздықталып, 16:17-де толық сөндірілді», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.