|
08.01.2021 | 12:40
5444

Сыртқы істер министрі: Пандемияға қарамастан Қазақстан сыртқы саясатының негіздері өзгеріссіз қалады

Біз халықаралық аренада ұлттық мүддемізді берік алға жылжытып, қорғауға басым назар аудара отырып, сындарлы, теңдестірілген және көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуді жалғастырамыз – Мұхтар Тілеуберді

Сыртқы істер министрі: Пандемияға қарамастан Қазақстан сыртқы саясатының негіздері өзгеріссіз қалады

COVID-19 пандемиясы қазақстандықтардың күнделікті өміріне үлкен әсер етті. Жаһандық құбылыс ретінде оның халықаралық қатынастар саласына ықпалын тигізбеуі мүмкін емес. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің барша әлем үшін күрделі болған 2020 жылдағы дипломаттардың жұмысы туралы сұхбаты бүгін «Казахстанская правда» газетінде жарияланды. Almaty.tv сұхбаттың қазақ тіліндегі нұсқасын оқырман назарына ұсынады.

– Мұхтар Бескенұлы, 2020 жыл Қазақстан мен барша әлемнің жаңа тарихында мейлінше ерекше болғаны рас. Сыртқы істер министрлігі қазіргі жағдайда қалай жұмыс істеді және COVID-19 пандемиясымен, оның әлеуметтік және экономикалық салдарымен күреске қандай үлес қосты?

– 2020 жыл барлық мемлекет үшін қиын жыл болды. Пандемия тудырған дағдарыс адам өмірінің бар саласына әсер етіп, медицинаның қазіргі даму деңгейіне қарамастан мемлекеттердің бір-біріне қаншалықты тәуелді екенін және адамзаттың әлсіздігін көрсетті.

Коронавирус Сыртқы істер министрлігінің жұмысына да өзгерістер енгізді: шет елдерде қалып қойған азаматтарымызға карантиндер жағдайында көмек көрсетуге, дағдарыс жағдайында сыртқы саясатты жүзеге асыру тетіктерін бейімдеуге және халықаралық іс-шараларды онлайн режимде өткізуге басым назар аударылды.

– Қазақстанның сыртқы саясатында Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО елдері сияқты ықпалды әрі ірі мемлекеттер маңызды рөл атқарады. Аталған елдермен қазіргі өзара байланысты қалай сипаттайсыз?

– Бүгінде көпвекторлықты кеңейтіп, достық қарым-қатынасты нығайтуға негізделген Қазақстанның сыртқы саясаты біздің салиқалы және сенімді серіктес екенімізді айқындайды.

Қазақстан мен Ресейді дәстүрлі түрде ортақ көпғасырлық тарих пен достық әрі тату көршіліктің берік негіздері байланыстырады, бұл өз кезегінде екіжақты қатынастардың кең ауқымында жемісті өзара іс-қимылдың сенімді негізі. Өзара түсіністік пен құрметтің қол жеткен деңгейі Қазақстан – Ресей ынтымақтастығын дәйекті нығайту үшін берік түп-тамыр болды. Біз жай ғана көрші емеспіз, біз стратегиялық серіктес және одақтаспыз.

2020 жылы 24 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 75 жыл толуына орай Қызыл алаңда өткен Жеңіс Парадына қатысты. Жыл ішінде екі ел президенттері 7 рет телефон арқылы сөйлесті.

COVID-19 вирусының таралуымен күрес бойынша іс-қимылдарды үйлестіру аясында айтарлықтай жұмыс істелді. 22 желтоқсанда Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасының өндірісі басталды, ал 2021 жылдың басында ерікті вакцинацияны жаппай іске қосу жоспарланып отыр.

Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – Қытаймен ынтымақтастықты тереңдету. 2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан Президентінің Қытайға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары кезінде ҚР мен ҚХР бірлескен мәлімдемеге қол қойды, онда екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту туралы келісім бекітілді.

– Әлемдік локдаун жалпы халықаралық қызметке, оның ішінде Қазақстанның сыртқы саясатына әсер етті ме? Осыған байланысты Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының жаңа сыртқы саяси Тұжырымдамасын жүзеге асырудың келешегі қандай?

– Әлемдік локдаун мен карантин шаралары дипломаттардың жұмысына белгілі бір қиындықтар әкелді. Бірқатар халықаралық іс-шаралар эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін кейінге қалдырылды, бірақ олардың көбі цифрлық форматқа көшті. «Цифрлық байланыс» белсенді дамып, біздің еліміздің мүддесін ілгерілету бойынша жұмыстардың жалғасуына жол ашты.

Десе де Қазақстанның сыртқы саясаты өзгеріссіз қалды: біз халықаралық аренада ұлттық мүддемізді берік алға жылжытып, қорғауға басым назар аудара отырып, сындарлы, теңдестірілген және көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуді жалғастырамыз.

Шындығында, 2020 жыл біз үшін өте маңызды болды, өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған жаңа сыртқы саяси Тұжырымдамасын бекітті. Алғаш рет сыртқы саяси жоспарлау көкжиегі үнемі өзгеріп отыратын сыртқы жағдайларға бейімделе отырып, 10 жылға дейін ұлғайды.

– Бірнеше күннен кейін елде Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау өтеді. СІМ-нің сайлау процесін ұйымдастырудағы рөлі қандай?

– Өздеріңіз білетіндей, Сыртқы істер министрлігінің негізгі қызметтерінің бірі – шетелдегі азаматтарымыздың мүдделері мен құқықтарын қорғау. 54 елде олардың сайлау құқығын қамтамасыз ету үшін 10 қаңтарда Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау үшін 66 сайлау учаскелері ашылады. Біз сайлау процесін жоғары демократиялық стандарттарға сәйкес ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін барлық шараларды жүзеге асырамыз.

Қазақстан бақылау процесіне үлкен мән береді. Сайлауды бақылауға ДИАҚБ мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан, ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан, ТМД Атқару комитетінен, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясынан, Ислам ынтымақтастық ұйымынан, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясынан халықаралық бақылаушылар және бірқатар елдерден ОСК өкілдері қатысады деп күтілуде.

– СІМ-нің 2021 жылға арналған негізгі жұмыс жоспарлары туралы айтып берсеңіз.

– Сыртқы істер министрлігінің жаңа жылдағы басты міндеті – ұлттық экономикаға дағдарыстан шығуға көмек көрсету. Экономикалық және гуманитарлықтан басқа, бұқаралық, цифрлық және медициналық дипломатияны нығайту маңызды.

Қабылданған шешімдердің жылдамдығы, тиімділігі және оларды іске асыру үшін ресурстарды жеткілікті пайдалану маңызды. Пандемия тудырған әлемдік дағдарыс біз үшін ауыр сынақ болды. Бұған қарамастан, біз алдымызға әлдеқайда өршіл мақсаттар мен міндеттер қоямыз.

– Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге алғыс айтамыз!

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир