Блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысындағы Қаракөл көліне қайта оралған қоқиқаздарды видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
"Негізінде Қаракөл Маңғыстау облысындағы айрықша орындардың бірі. Амалын тапса, бұл көлді Дубайдағы Рас-әл-Хор қорығы секілді нысанға айналдыруға болар еді", - деп жазды Сәрсенбаев.
Ол қоқиқаздарға жақын баруға мүмкіндік жоқ екеніне өкініш білдірді. Себебі мұнда инфрақұрылым да, арнайы шолу алаңы да қарастырылмаған.
Рас-әл-Хор қорығы – Дубайда 1985 жылы құрылған ерекше табиғи орын. Мұнда жыл сайын Шығыс Африкадан Батыс Азияға дейінгі аймақтардан мыңдаған құс қыстау үшін ұшып келеді. Олардың ішінде қорықтың ең танымал "тұрғындарына" айналған алқызыл қоқиқаздар бар.
Сәрсенбаев қоқиқаздар туралы видеоны бұған дейін де түсірген болатын.