Түркістан облысы Шардара ауданында 20 жылдыққа жиналған мектеп түлектері көпбалалы сыныптастарына үй салып берді
Қоссейіт ауылында 20 жылдыққа жиналған мектеп түлектері ортадан ақша жинап, көпбалалы сыныптастарына баспана тұрғызып берді. Сонымен қатар әкімдікпен келісіп, үйге су мен жарық орнатты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Анастасиямен бірге оқыдық. Бүгінде ол 9 баланың анасы. Көмекке мұқтаж. Сондықтан ауыл азаматтары болып, оған қолдау көрсетейік дедік», - дейді сыныптастары.
Андрей мен Анастасия Волокитиндер 9 бала тәрбиелеп отыр. Отағасы ауыл тұрғындарының техникалық заттарын жөндейді. Әйелі мен балалары түрлі жұмыстар істеп, ақша табады. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген.
Сыныптастары баспананың іргетасынан өздері бастап салды. Баспананы тапсыру салтанаты кезінде сыныптастары сондай-ақ бұл отбасына жаңа газ плитасы мен кілем сыйға тартты.
Қайырымды іске мұрындық болған ауыл азаматтарына әкімдік алғыс хат табыстап, ризашылығын білдірді.