Атадан мал қалғанша, тал қалсын! Семей полигонының жабылғанына 30 жыл өткеніне байланысты Қазақстанның Халық жазушысы Олжас Сүлейменов, белгілі ғалым Оразәлі Сәбден, «Байтақ-Болшақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай және бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов бастаған табиғат жанашырлары Алматыда көшет отырғызды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Экологиялық іс-шараны ашқан Олжас Сүлейменов жас ұрпаққа үлгі боларлық жалынды сөздерін айтып, табиғатты сақтап қалу үшін тал-терек егудің маңызды екендігін айтты. Қалам орнына күрек ұстаған қайраткер, алғашқы болып алма ағашын отырғызды.
«Жаңа ғана алма ағашын отырғыздым. Атакентте осындай бірнеше алма ағашын отырғыздық. Үмітіміз қалаға даңқы қайтсын деген ниет қой», - деді Қазақстанның Халық жазушысы Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша көктем, күз мезгілінде мұндай шараларды ұйымдастыру дәстүрге айналған. Негізгі мақсат қала халқын ағаш отырғызуға шақыру.
«Биылғы қала әкімі Сағынтаевтың миллион тал отырғызамыз деген идеясына сәйкес келіп отыр. Соны қоғамдық ұйым ретінде біз бірінші бастап жатырмыз», ¬ - деді «Байтақ-Болашақ» экоальянсының төрағасы азаматхан ӘМІРТАЙ.
«Үлкен алма ағашы болып бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа 30-40 жылдан кейін жемісін берсін. «Атадан мал қалғанша, тал қалсыні», деген бар ғой, ендеше кеттік», - деді бокстан олимпиада чемпионы Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ.
Саябаққа алма ағашының үш сорты отырғызылды. Олар «Шығыс», «Рахат» және «Жеңімпаздар даңқы» деп аталады.
Бүгін мұнда алпыстан аса алма ағашы отырғызылды. Мысалы, мына Олжас Сүлейменов еккен алманың сорты «Жеңімпаздар даңқы» деп аталады. Қоғам қайраткерінің құрметіне бұл алма бағына Олжас Сүлейменов аллеясы есімі берілді.
«Табиғатты аялау барлығымыздың міндетіміз ғой. Келіп көмектесіп, табиғатты қараған дұрыс», - деді жиналғандардың бірі.
«Алматы қаласының жастарын, өзіміздің замандастырымызды осындай шараларға белсенді қатысуға шақырамын», ¬- деді енді бірі.
«Жүрген жерімізді таза ұстасақ, артымыздан ерген ұрпақ та риза болар еді», - деді тағы бірі.
Акция Алматы қаласынан кейін Нұр-Сұлтанда жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылар жыл соңына дейін мың түп алма ағашын отырғызуды жоспарлап отыр.
Қуан Нұрақын, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы