Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуде Алматы әкімі азаматтардың қауіпсіздігі мәселесіне қатысты қолға алынған шараларға тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы, ауданда 3 модульді полиция пункті, 5 көше қиылысы мен 5 жаяу жүргіншілер өткеліне «Сергек» апаратты-бағдарламалық кешені орнатылған. Сонымен қатар, патрульдеу күшейтіліп, жаяу жүргіншілерге арналған жабдықтар қойылған.
Аудан тұрғындарының өтініші бойынша, жылдамдықты азайту туралы белгілер қойылып, ауданда патруль күшейтілген, жеңіл жүрісті қыздар бақылауға алынған.
Аталған шаралар аудандағы қылмыстар санын 15,5%-ға азайтып, олардың ашылуын 8,8% ұлғайтқан.
«Дегенмен 238 мың аудан тұрғыны үшін мұндай шаралар жеткіліксіз. Сол себепті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тәртіп сақтау жұмыстары жалғасады", - деді мегаполис басшысы.
Жаяу жүргіншілер өткеліндегі қираған құрылмалар жайлы тұрғындар сұрағына жауап бере келе, Бақытжан Сағынтаев «Егер адамдарға камералар да әсер етпесе, онда бақылауды күшейту керек! Бұзақылар полицияның барын сезінуі керек. Ұсталғандарды жиі көрсетіп отырған жөн», - деді.
Алматы әкімінің Түрксіб ауданы тұрғындарымен болған кездесуі жайлы толық мән-жайды бүгін "Алматы" телеарнасынан болатын жаңалықтардан біле аласыздар.