Төлем автоматты түрде тағайындалады
Биыл 36,1 мың азаматқа жұмысынан айырылуына байланысты берілетін төлем алғаш рет тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«1 мамырдағы жағдай бойынша 43 мың адамға жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем төленді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем қызметкер жоғалтқан табыстың 40%-на дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.
Жұмыстан босатылған адам төлем алуы үшін eGov.kz порталындағы «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімі арқылы онлайн тапсырыс бере алады. Мұнан соң бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 күн ішінде «жұмыссыз» мәртебесі беріледі. Бұл қызметті онлайн режимде электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
«Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-нан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады», – деп хабарлайды ведомство.
Айта кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады.
Бұған дейін Қазақстанда жарты миллионнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алып отырғаны хабарланған.