5G технологиясын алғаш 2021 жылдың соңына дейін елордадағы Назарбаев университеті мен ЭКСПО кешенінде енгізу көзделіп отыр
Сала мамандары кең жолақты интернет желісіне деген сұраныстың елде тек алдағы 2-3 жылда пайда болатынын айтады. «Ақылды қала» технологиясы дамып, жоғары жылдамдықты интернет желісін тартатын құрал-жабдықтар пайда болмай, 5G-ге деген сұраныс артпайды дейді сарапшылар. Әзірге кең жолақты интернет тек Шымкент қаласында тесілеуден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Көрсеткіштері керемет. Мысалға айтар болсақ, 4G-дің жылдамдығы секундына 20-30 мегабит болса, 5G жылдамдығы секундына 1 гегабиттен басталады. Бұл деген үлкен жылдамдық, демек кең көлемдегі ақпараттарды лезде таратуға мүмкіндік береді. Дегенмен, бізге оны енгізу қажеттілігі әлі туындап тұрған жоқ. Елімізде «ақылды қала» технологиясы айтарлықтай дамымаған. 5G-ді тартатын құрылғылар да жоқ. Болса да, олар әзірге тек пилоттық жоба ғана. Тіпті 4G елімізде әлі айтарлықтай дамып үлгерген жоқ. Оның әлі берері көп», – деді байланыс саласының сарапшысы Алексей БЕНДЗЬ.
Сынақ қорытындысы бойынша, технологияны телемедицина, өнеркәсіп, тау-кен өндірісін цифрландыру және «ақылды» қалаларды дамыту ісінде қолдану мүмкіндіктеріне талдау жасалды. Одан кейін 2023 жылдан бастап, барлық облыс орталығында енгізу жұмыстары жүргізіледі. 5G технологиясын 2021 жылдың аяғына дейін елордада Назарбаев университеті мен ЭКСПО кешенінде, ал 2022 жылы әуежай мен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда енгізу көзделіп отыр.