Елімізде сапасыз интернет үшін салынатын айыппұл сомасы артады

09.03.2022 в 23:15

Сондай-ақ Ресейдің жаһандық желіден ажыратылуы Қазақстандағы интернетке қаншалықты әсер ететіні айтылды

Қазақстанда сапасыз интернет үшін операторларға салынатын айыппұл сомасы артады. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құжат бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес ірі кәсіпкерлік субъектісі үшін айыппұл 100 айлық есептік көрсеткішті, бір жылдың ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін 200 айлық есептік көрсеткішті құрайды.  

«Көбінесе операторларға қосымша жабдықты орнатудан немесе өз желісін өзге де түрде дамуға қарағанда, айыппұлдың жарты көлемін төлеген ыңғайлырақ. Заң жобасы заңнамада белгіленген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс пен интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсеткені үшін, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік айыппұлдардың мөлшерлерін ұлғайту арқылы байланыс операторларының жауаркершілігін күшейтуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна Телпекбаева.

Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Ресей жаһандық желіден ажыратылғанда бұл Қазақстандағы интернетке қаншалықты әсер ететіні туралы айтты.  

«Қазіргі кезде Қазақстанда интернетке қатысты күрделі проблемалар болмайды. Яғни, еліміздің интернеттен толықтай ажырап қалу қаупі жоқ. Бұл жайында алаңдаудың қажеті жоқ десек болады. Қытаймен арадағы тораптар Еуропадан алып отырған трафикті дәл сол көлемде тартуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.