Газ тұншықтырғыш қондырғысы Наурызбай және Алатау аудандарында тұратын 2 отбасын уланудан құтқарған
Апаттан 33 адам құтқарылып, 558 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, бұл былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға төмен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұндай нәтижеге біріншіден, қаланың басым бөлігінің газбен жылыту жүйесіне көшуі себеп болса, екіншіден тұншықтырғыш газдың ену қаупін алдын алатын құрылғыны орнатудың арқасында қол жеткізіліп отыр дейді мамандар.
«Жылу маусымы басталысымен, департамент кең ауқымды профилактикалық шаралар атқаруда. Оның басты мақсаты – тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақыру. Биылғы жылы Алматының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен 593 отбасының тізімін белгілеген болатын. Олардың 90 пайызы бүгінгі күні тұншықтырғыш газ құрылғыларымен қамтылған», – деді Алматы қаласы ТЖД басқарма басшысының қызметін атқарушы Айдос НҮСІПБАЕВ.
Жылу беру маусымы басталысымен, қаладағы әлеуметтік осал топтардың өкілдері тұратын жеке сектор үйлеріне газ қондырғысы орнатыла бастаған. Өткен жылы тұншықтырғыш газ датчигі Наурызбай және Алатау аудандарында тұратын 2 отбасын уланудан құтқарған. Құрылғының дауысына оянған отбасы бірден терезелерді ашып, бөлмелерді желдетуге кіріскен.