|
20.11.2021 | 12:49
1641

Қымызды ерекше баптайтын торғайлық туралы не білеміз

Ауыл жұрты осындай жандарды үлгі етуі керек дегенді айтады ауыл басшысы

Қымызды ерекше баптайтын торғайлық туралы не білеміз ©ЭК/Арман ТОРҒАЙҰЛЫ

Абат Төлебаевты ауылдастары әзілдеп «қымыздың құдайы» дейді. Шаруашылық жұмысын жүргізіп отырған бесаспап жігітке риза болған басшысы оған үй сыйлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап.

Қостанай қаласынан 35 шақырым жерде Айсары атты ауыл бар. Мыңнан артық адам тұрады. Биыл сәуір айында осы ауылда жаңа шаруа қожалығы құрылды. Жергілікті кәсіпкер жылқы бағуды, қымыз жасауды қолға алған.

Жазғытұрым киіз үй құрып, қымызхана ашты. Күн салқындаған соң қымызхана қызметі уақытша тоқтатылды. Әйтсе де қымызға деген сұраныс толастамаған.

«Бие сүтін, қымызды Қостанайдан, басқа жақтан келіп алып жатқандар бар. Өтімі жақсы», – дейді осы шаруашылықтың бар тірлігін атқарып жүрген Абат.

Торғайдан отбасымен көшіп келген Абатқа кәсіпкер үй алып берді. Бес балалы шаңырақ алтыншы перзентін күтіп отыр. Жарына салмақ салмай, сырттағы жұмыстың бәрін отағасының өзі-ақ тындырады. Биелерді сауып, қымызды өзі баптайды.

«Әйелімнің аяғы ауыр болған соң ғана емес, былай күндері де жұмыстың бәрін өзім істей беремін. Биелер алғашында асау еді, қазір үйренді. Желіде 22 бас бие бар. Алдағы жылы мал басын елуге дейін жеткіземіз деп отырмыз», – дейді бесаспап жігіт.

Абаттың ұл-қыздары мектепте оқиды. Естиярлары әкесіне қолғанат болып, кейде көмектесіп тұрады.

«Балаларым әзірге «алып кел», «апарып берге» ғана жарап тұр. Өскенде олардың еңбекқор болғанын қалаймын», – дейді көпбалалы әке.

Ауыл жұрты осындай жандарды үлгі етуі керек дегенді айтады ауыл басшысы.

«Абаттың өзі қандай жақсы азамат болса, қымызы да сондай. Ісіне өте ұқыпты қарайтын адам», – дейді ауыл әкімі Бауыржан Нұрғазин.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

Қымыз
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир