Депутат қаңтардағы қайғылы оқиғалар полиция қызметкерлерінің осалдығын көрсеткенін айтты
Баспанасы жоқ полицейлерге берілетін өтемақыны бөліп-жармай, барлық полицейге төлеу керек. Бұл мәселені Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Үкімет басшысына жолдаған сауалында көтерді. Депутаттың сөзінше, Қаңтар оқиғасы полиция қызметкерлерінің осалдығын көрсетті. Ішкі істер органдарында ең төменгі жалақы өзге құқық қорғау органдарына қарағанда екі есе төмен. Сенатор сондықтан полицейлерді ынталандыру үшін қызметкерлерді қаржылық қамтамасыз етуді теңестіріп, лауазымдық еңбекақысының ең төменгі шегін нормативтік тұрғыдан бекіту қажет деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров жалдамалы пәтерде тұру үшін өтемақы алатын ішкі істер органдары қызметкерлерінің тізімін кеңейтуді ұсынды. Оның дерегінше, 2009 жылдан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне коммуналдық шығындарды өтеуге 3739 теңге беріліп келеді. Алайда қазір коммуналдық төлемдер айына орташа есеппен 18-20 мың теңгені құрайды. Ал өтемақы мөлшері жылдар бойына өзгермеген. Бекназаров бұл проблема ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысқа деген жауапкершілігі мен ынтасының төмендеуіне тікелей әсер етеді деп санайды.
«Ішкі істер органдарының ведомстволық тұрғын үй қоры жоқ. Сондықтан Ішкі істер министрлігі қызметкерлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеумен шектеледі. Алайда бұл төлемдерді барлық қызметкер ала алмайды. Өйткені тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарының тізбесін Үкімет айқындайды. Соған байланысты бүгінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров.
Ал депутат Әбдәлі Нұралиев еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында шаруалар мәселесін көтерді. Оның сөзінше, өткен жылы қалыптасқан жағдай ауыл шаруашылығы саласының технологиялық тұрғыдан артта қалуын, техникалық жарақтандырудың төмен деңгейін көрсетті. Соның нәтижесінде сала қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге төтеп бере алмайтынын байқатты дейді.
«Агросектор субъектілеріне бөлінетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 2-3%-ға дейін төмендету, қосалқы шаруашылықтар үшін шағын несие ауқымын кеңейту, шаруашылық науқаны кезінде мемлекеттік қаражатты жылдам алу мүмкіндігін қарастыру, нақты алынған өнімге немесе қайта өңдеуге өткізілген көлемге байланысты субсидияларды бөлу бойынша нақты шаралар көзделуі тиіс», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбдәлі Нұралиев.
Депутат Бауыржан Қаниев азық-түлікпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін резервтік қорлар құруды ұсынып отыр. Келтірген статистикалық дерекке сүйенсек, қазір елге сүт өнімдерінің 23%-і, құс етінің 38%-і, шұжық өнімдерінің 44%-і шетелден импортталады. Яғни, Қазақстан импорттық өнімдерге айтарлықтай тәуелді. Осыған байланысты депутат елдің импортқа тәуелділігін төмендету, тамақ өнімдері өндірісін дамыту керек деді.
«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік астық ресурстарын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қалыптастыру, сақтау және пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынамыз», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бауыржан Қаниев.
Жалпы бүгін сенаторлар Президенттің Жаңа Қазақстан құруда түйіні тарқатылуы тиіс мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Тағы бір сауалда Көкшетау қаласын энергиямен және жылумен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Депутат Нұрлан Бекенов қаладағы электр қуатының тарифі еліміздегі ең жоғары тарифтердің бірі болып отырғанын айтты. Қазіргі заманғы жылу электр орталығын салу мәселені шешуге көмектеседі, алайда оның құрылысын министрлер кабинеті тек 2026 жылға ғана жоспарлап отыр. Ал сенатор жобаны созуға болмайды деп санайды.
Қаламқас Нысанбай, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы