Ақтау портында көлік тасымалы екі есеге артты

21.06.2024 17:51

Мамырда портта 5 мыңнан астам контейнер ауыстырылып тиелген

Almaty.tv

Ақтау теңіз сауда портының әлеуеті артып келеді. Мұндағы су айлағы контейнерлерді ауыстырып тиеу бойынша мамырда рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Контейнерлік тасымал да Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2 есеге өскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақтау теңіз портының ел экономикасына қосып жатқан үлесі орасан. Су айлағы биыл сауда саттықты жаңа сатыға көтерді. Мамырда портта 5 мыңнан астам контейнер ауыстырылып тиелген. Жүк тасымалдаушылардың басым бөлігі тауарларын Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдайды. Осылайша шет мемлекеттермен экономикалық байланыс бекіп, алыс-беріс артқан.

– Мұндай рекордтық көрсеткіш Ақтау теңіз сауда портында бұрын-соңды болмаған. Биыл порт арқылы 15 838 контейнер тасымалданды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 50 пайызға көп. Өткен жылы барлығы 20 мыңнан астам контейнер жөнелтілген, – деді «Ақтау теңіз сауда порты» ҰҚ АҚ коммерциялық бөлімінің басшысы Әнуар Немышов.

Барыс-келісті ширатқан портта енді контейнерлік жүктерді ауыстырып тиеуді дамыту үшін бірқатар заманауи техникалар іске қосылады. Тамызда жұмысын бастайтын мұндай құрылғылардың қатарында негізінен жүк көтергіштер мен порталдық крандар бар. Ал, контейнерлерде негізінен әлеуметтік қажетті тауарлар, азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары тасымалданады екен.  

– Қытай транзиттік контейнерлері Ақтау порты арқылы Әзербайжанның Абшерон қаласына тасымалданады. Онда 8-9 күнде жеткізілсе, Грузияның Поти, Батуми порттарына дейін 11 күнде барады, – деді  «Ақтау теңіз сауда порты» ҰҚ АҚ Көлік-логистика бөлімінің басшысы Қайрат Халиолла.

Контейнерлердің басым бөлігі Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалданады. Тегеурінді теңіз қақпасы бүгінде Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия бағытындағы транзиттік тасымалды дамытып отыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Пьезо-ICSI: жасанды жолмен ұрықтану әдісінің ерекшелігі неде