Қоғамдық қауіпсіздік – Алматы әкімдігінің ерекше назарында тұрған басты мәселенің бірі. Адам көп шоғырланатын жердегі қауіпсіздік жүйесі күшейтілді. Атап айтқанда, 2019 жылы шаһардың 404 жеріне 600 «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл туралы бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халықпен есептік кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Биыл тағы 400 камера орнату жоспарлануда. Одан өзге патрульдік полицияның жұмыс тәртібі де өзгертілді. Енді басымдық аулаларға берілді. Демек, патрульдік полиция енді тұрғын үйлердің аулаларын да аралайтын болды.
Алматыда Қазақстан халқының 10 пайызы тұрады. Алайда, бүкіл елдегі болатын қылмыстың 20 пайызы, ал жол апатының 30 пайызы осы меголописте орын алып жатыр. Шаһардың дәл қазіргі стратегиялық даму бағытында тұрған негізгі мәселенің бірі - қоғамдық қауіпсіздікті күшейту. Қажетті қоғамдық тәртіпті сақтау үшін көше мен қоғамдық жерлерде жаяу және автокөліктегі патруль қызметінің жұмысы күшейтілді.
БЛИЦ:
«Бұл жерлерде жастар көп жүреді, түнде де. Көліктерін қойса да, тыныш жүреді кішкене полиция пункті болғаннан кейін. Былай дұрыс деп санаймын», - деді тұрғындардың бірі.
«Татулық керек, тыныштық керек. Мысалы, барахолка жақтарда болуы керек. Біреулер қалтаңнан соткаңды ұрлап кетсе сасып қаласың. Мысалы, менің телефоным болмай қалса, сонда пункке барамыз. Ашылғаны дұрыс», - деді тұрғындардың бірі.
Одан өзге, жолдағы тексерудің жаңа жүйесі енгізілді. Өткен жылдың тамыз айынан бастап жаяу полицейлерінің жұмысын күшейтіп, тұрғын үй аулаларына басымдық берілді. Осыдан кейін қылмыс 33,4 пайызға төмендеген. Яғни, 11552-ден 7696-ға дейін азайған. Ал, қылмыс жиі орын алатын аудандарда «ізін суытпай» ашылған жағдай 11,4 пайызға көтерілген. Құқық бұзушылыққа жол бермеудің тағы бір жолы - әкімшілік жауапкершілікке тарту. Полиция пунктері енгізілгеннен бері 346 азамат әкімшілік жауапқа тартылған.
Арнат Дүйсен, Нұрбол Сазабеков «Алматы» телеарнасы