Қостанай облысында ауыл тұрғындары эвакуацияланды

06.04.2023 17:51

Қазіргі кезде Қарамырза ауылында 35 үйді және 60 үй-жайды су басты

zakon.kz

Қостанай облысында тасқын салдарынан далада қалған тұрғындар жаңа баспанаға қоныстанады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Қызыл су шайып кеткен үйлердің орнына жаңасы салынбақ. Кешелі бері  қауіпті аймақтан 38 адам эвакуацияланған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ақпарынша, Қарасу ауданына қарасты Қарамырза ауылында 35 үйді су басқан. Тағы 60-ының ауласын шайып кеткен. Тімтуір өзені арнасынан асып, өткен тәулікте су деңгейі 23 см-ге көтерілген. Төтеншеліктер жиналған суды айдау жұмыстары өзен суы тартылғаннан кейін жүргізілетінін мәлімдеді.

«Өткен тәулікте су деңгейі көтеріліп, тұрғын үйлер мен аула аумақтарын су басты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар халықты су басу аймағынан алдын ала эвакуациялап, көрші көшелерде тұратын 23 адамды туыстарының үйіне орналастырды. Қазір тасқынға қарсы жұмыстар жалғасуда», – дейді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Азамат Орымбаев.