Әлем мұрағатшылары Алматыда инновациялық технологияларды енгізу және пайдалану мәселелерін талқылады

20.10.2022 17:53

Алматыға адамзаттың мұрағат мұрасын талқылау үшін әлемнің 200 елінен мұрағатшылар келді

РСК

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Ашық қоғамға – ашық архив» атты мұрағатшылардың бірінші халықаралық конгресіне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ӨКҚ-ға сілтеме жасап.

Алматыға адамзаттың мұрағат мұрасын талқылау үшін әлемнің 200 елінен мұрағатшылар келді. Шетелдік сарапшылар ӨКҚ-не келіп, өздерінің іс-шараға қатысуы туралы айтты.

Конгрестің ұйымдастырылуы мен өткізілуін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі қолдады.

ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Алматы метросының 4 стансасында мұрағат ісін кеңінен насихаттау мақсатында мұрағат құжаттарының, түрлі тарихи кезеңдердің көрмесі қойылғанын, бұдан бөлек, «Менің отбасымның тарихы мұрағат құжаттарында» атты балалар байқауының қорытындысы шығарылды. 

«Байқауға 70-тен астам алматылық оқушы қатысып, өз жұмыстарын ұсынды. Кеше жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ, Конгресс форматы үш белсенді жұмыс күнге жоспарланғанын атап өткім келеді, оның барысында әртүрлі тақырыптарда 8 алаң ұйымдастырылды. Бұл – мұрағаттардың қолжетімділігі, архивтерді цифрландыру, мұрағат ісі және құжат жүргізу  саласындағы мамандарды оқыту, даярлау мәселелері», - деді Ә.Мұстафина.

Мәселен, бүгін Халықаралық ахивтер кеңесі қызметінің кеңейтілген таныстырылымы өтіп жатыр. Тағы бір тақырып – инновациялық технологияларды енгізу және пайдалану. Бұл бағыттағы қазақстандық мұрағатшылардың тәжірибесі шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырды. Бұл - шамамен 200 мың сақтау бірлігі және  4 миллион құжат.

Форумға Халықаралық архивтер кеңесінің атқарушы директоры Carlos Serrano Vasquez қатысты. 

«Мұрағат адам құқықтарымен байланысты, өйткені онда сақталған ақпаратқа барлық адамдар қол жеткізуге құқылы. Мұрағат деректерін цифрландыруға назар аударып отырғанымызды айта кету өте маңызды», - деді шетелдік делегат.

ӨКҚ брифингіне қатысқан тағы бір қонақ Иордания Хашимит Королдігінің Ұлттық кітапханасының бас директоры Nidal Ibrahim Muhammad AL-AHMAD Алматыда өткізіліп жатқан Конгресстен алған әсері жайлы айтты. Ол қазақстандық тарапқа осы шараны ұйымдастырып, әлемдік мұра үшін құжаттарды сақтауда қосып жатқан үлесі үшін алғыс айтты. 

«Осы Форумның арқасында біз проблемалық мәселелерді бірлесіп шеше аламыз, мұрағат деректерін сақтай аламыз, біріге аламыз. Бір елге қатысты көптеген мұрағат құжаттарының басқа елде сақталуы да жиі кездеседі, ал осындай шаралардың арқасында кері байланысты қолдай отырып, ақпарат алмасудамыз», - деді Иорданиядан келген қонақ.

Конгресс аясында мұрағат ісін жан-жақты жаңғырту үшін бүгінгі таңда қолдануға және енгізуге болатын жаңа технологиялар мен құралдар саласындағы өзекті тенденцияларды талқылау үшін кәсіби алаңдар ұйымдастырылады.