Қазақстанда үш жәрдемақының мөлшерін арттыру жоспарлануда

02.11.2019 17:54

Еңбекке жарамсыз болып қалу, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылу жағдайында берілетін жәрдемақылар көбейеді

Sputnik

Қазақстанда үш әлеуметтік төлемнің мөлшерін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлады Sputnik  24.kz сілтеме жасап.

Атап айтқанда, еңбекке жарамсыз болып қалу, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылу жағдайында берілетін жәрдемақылар көбейеді. Осы төлемдерді жасағанда жаңа есептеу механизмдері қолданылмақ.

Асыраушысыз қалған отбасында асырауындағы адамдардың саны ескеріледі. Сондай-ақ, жұмысынан айрылғаны үшін берілетін әлеуметтік төлемдердің ұзақтығын еңбек өтіліне байланысты алты айға дейін төлеу жоспарланған. Қазір заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында жатыр.

"Барлық үш төлем орта есеппен 30% -ға өседі деп жоспарлануда. Өзгерістер 2020 жылы күшіне енеді. Сонымен бірге, 1 қаңтардағы жағдай бойынша, еңбекке жарамдылықтан және асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушылардың барлығына бір реттік қайта есептеу жүргізіледі", - деп түсіндірді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басқарушы директоры Марат Жәнібеков.