Ресейдің Благовещенск қаласындағы құрылыс колледжінің студенті оқу орнында атыс шығарып, қатарластарына оқ жаудырды. Оқиға салдарынан бір адам көз жұмып, тағы үшеуі жарақаттанды. Атыс шығарған студент өзіне қол жұмсады.
Baza басылымының мәліметінше, Амур құрылыс және тұрғы үй-коммуналдық шаруашылық колледжінің ғимаратында оқу орнының 4-курс студенті Даниал Засорин атыс шығарған. 19 жастағы студент колледж ғимаратына Иж-81 қаруын күртесінің ішіне жасырып алып кірген. Артынша дәлізде шылым шегіпті. Студентке ескерту жасалғаннан кейін, ол қаруды қолына алып, оқ жаудырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ТАСС мәліметінше, оқытушы Засоринді сабаққа кешіккені үшін аудиториядан шығарып жіберген. Ол осы жағдайдан кейін атыс шығарыпты.
Курстастарының сөзінше, ол аудиториядан шығып кетіп, артынша қарумен қайтып келіп, ата бастаған. Куәгерлер оның құрбандарының арқасынан атқанын айтты.
Оқиға салдарынан бір адам көз жұмған. Сонымен қатар үш адам жарақаттаныпты. Засориннің өзі оқиғадан кейін өзіне қол жұмсады.
Басылымда хабарланғандай, зардап шеккен үш студент көптеген оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
«Біреуі ауыр жағдайда жатыр. Екіншісінің жағдайы – орташа ауыр. Ал жарақаттанған үшінші адам қалалық ауруханада жатыр», - дейді Амур облысының денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі уақытта полиция «Бұзақылық ниетпен екі адамды өлтіру» деген бапқа сәйкес қылмыстық іс қозғады. Колледж ғимараты қоршауға алынған. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр.