Абай облысының тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау басталды

13.06.2023 00:23

Қабылдау пунктінің жұмыс уақыты: сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін

коллаж Almaty.tv

Алматылықтар Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауды бастап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Call-орталық: +7 (747) 821-64-78

Алматыдағы штаб жұмысын бүгін түстен кейін бастады. Бар болғаны бірер сағат ішінде қолдағы барын арқалап келген жанашыр жандар бірнеше литр су, балаларға жаялық және сүт қоспасын әкелген. Дегенмен қазір өрттен зардап шеккендерге басқа да заттар аса қажет. Алматылық еріктілер халықтан қаржылай емес, тек заттай көмек жинайтынын ескертеді. Бірақ бастысы әкелген дүниенің бүтін, жаңа және жарамдылық мерзімі өтпеген болуы керек.

«Қазіргі таңда су және ұзақ мерзімге жететін азық-түлік қажет. Тасымалдау  бойынша сөйлесіп жатырмыз. Қазір Семей қаласында орналасқан штабпен байланыстамыз», – деді қалалық волонтер фронт-кеңсесінің жетекшісі Бағдат Анарбаева.

Алматыда гуманитарлық көмек жинайтын фронт-кеңсе Байтұрсынов көшесі, 22 мекенжайында орналасқан. 20 шақты ерікті үзіліссіз, еш демалыссыз, таңғы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін көмек қабылдайды. Алматылық ағайын мұндай жағдайда бей-жай отырмай, қолдан келгенді аямаймыз деп отыр.

Ал қаржылай қол ұшын созамын деушілер үшін екінші деңгейлі қос банк арқылы ақша аударуға болады. Сондай-ақ өрттен зардап шеккендерге соңғы тәулікте 1,5 тонна ауыз су, 400 келі қой еті, құс еті, 600 келі көкөніс және 100 литрден астам май жеткізілген. Шаруа қожалықтарының басшылары азық-түлік жеткізу үшін екі көлікті арнайы бөлген. Өртті сөндіруге Семей, Өскемен және Астана қалаларынан 100-ден аса ерікті барған.

Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Теги: алматинцы