Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты
Жаңа Су кодексімен жұмыс басталды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жаңа Су кодексімен жұмыс басталды. Шет елдердің су ресурстарын басқару саласындағы су заңнамасы мен тәжірибесіне талдау жүргізілді. Ашық НҚА порталында және министрліктің интернет-сайтында орналастырылған реттеу саясатының консультативтік құжаты әзірленді және Әділет министрлігімен келісілді», - деді ол министрліктің алқа мәжілісінде.
Оның атап өтуінше, жаңа Су кодексінің және ілеспе заң жобасының Тұжырымдамасы әзірленді. Сарапшылармен және ғылыми ұйымдармен консультациялар өткізілді. Су кодексінің жаңа редакциясының тұжырымдамасы жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
«Су кодексінің жалпы бөлімінің жобасы әзірленді. Ерекше бөлімі және ілеспе заң жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған мерзімде жаңа Су кодексінің жобасы Президент Әкімшілігі мен Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады», - деді Серік Қожаниязов.