Қызылордада жоғалған үшінші қыз Алматыдан табылды

04.04.2021 17:56

Ділдә Нұғманова Әуезов аудандық полиция бөліміне жеткізілді

egemen.kz

Қызылордада 27 наурызда кешке «Атамекен» балалар ауылынан өз еркімен кетіп қалған үшінші қыз табылды. Бұл туралы қалалық полиция мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қызылорда облыстық полиция департаменті, Алматы қалалық полиция департаменті және еріктілер қозғалысы бірлесіп жүргізген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 16 жастағы Нұғманова Ділдә Мұсабекқызы 3 сәуірде сағат 22.30-да Алматыда табылды», - деді полициядағылар.

Ділдә Нұғманова Әуезов аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта іздеу нәтижелері туралы құзырлы органдарға хабарланған. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Еске салайық, Қызылордадағы «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының үш тәрбиеленушісі бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен болатын. Кейін екі қыз табылған. Алматыдағы балалар үйіне жеткізілген.