Павлодар және Қарағанды облысында екі судья қызметінен босатылды

21.10.2022 17:56

Жергілікті сот судьяларына қатысты тәртіптік істер қаралған

ашық дереккөзден

Қарағанды және Павлодар облыстары аудандық сотының екі судьясы тәртіптік жазаға тартылды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, кеше Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы өтіп, онда жергілікті сот судьяларына қатысты тәртіптік істер қаралған.

Отырыс қорытындысы бойынша Павлодар және Қарағанды облыстары аудандық соттарының екі судьясына судья қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Осы облыстардың аудандық соттарының тағы екі судьясы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Судьяларды жауапқа тартуға сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты бұзу және судьялардың этикасына қайшы келетін теріс қылық жасау негіз болған.

Сот жюриінің бұл шешімдері заңды күшіне енген жоқ, өйткені тәртіптік жаза қолданылған судьялар бұл шешімдерге қарсы Жоғары Сот Кеңесіне шағымдануға құқылы.

Сонымен қатар, заңнамада көзделген негіздер бойынша Сот жюриі аудандық соттардың бір төрағасы мен үш судьясына қатысты, оның ішінде тәртіптік іс жүргізуді қарау мерзімдерінің аяқталуына және судьяның іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты тәртіптік іс жүргізуді тоқтатқаны белгілі болды.