Кәсіпкерлер Бостандық ауданында 13 балалар алаңқайын жасап берген

26.09.2019 17:57

Жыл соңына дейін тағы да 20 алаң жасақталмақ

Қалталылардың көмегі. Алматының Бостандық ауданындағы 13 балалар алаңқайының абаттандыру жұмысын кәсіпкерлер жасап берген. Жыл соңына дейін тағы да 20 алаңның көркі кірмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, іскерлердің көмегімен 270-ке жуық көпбалалы отбасылар үшін қайырымдылық акциясы өткен. Бостандық ауданының тұрғындары өздерін алаңдатқан  мәселелерді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бір ай бұрын кездесуде айтқан еді. Қойылған 117 сұрақтың 18,6 пайызы шешмін тауыпты. Ал 89 сұрақтың жауабы тікелей қалалық басқармасының шаруасы екен. Ал соңғы сегіз айда ауданда жоспарланған жұмыстың 60 пайызы орындалыпты.

«Биыл 8 айда аудан бойынша бюджетке 285 миллиард теңге түсті. Жоспарланған жұмыстар 63 пайызға орындалған және оның жүзеге асуына республикадан 201 миллиард, ал жергілікті ауданнан 83 миллиард  теңге бөлінген. Ауданда 5 ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындары белсенді жұмыс істейді. Осы уақыт арпалығында 34 үйдің шатыры жөнделіп, 22 көпқабатты тұрғын үйдің 45 лифтісін ауыстыру жұмыстары аяқталды», – дейді Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай РАХЫМБЕТОВ.