Алматылық блогер көшеде кезіккендердің несиесін жауып берді (видео)

14.05.2021 18:48

Блогердің видеосы Instagram-да мыңдаған қаралым жинады

Алматыда TikTok-блогер Нұрбек Нұртаз көшеде кездескен кездейсоқ алматылық тұрғындардың несиесін жауып берді, деп хабарлайды Almaty.tv

Қайырымдылық жасаған блогер бұл әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Желіде оқырмандар Нұрбекке қолдау білдіріп, пікір қалдырып жатыр. 

«Ғажап, нағыз ер азамат! Бәрекелді», «Міне, нағыз азамат! Адамгершілігі мол, қандай керемет. Алла тағала жанұя бақыты мен ұзақ ғұмыр берсін», «Осындай қайрымды жандар көп болса, қазақ еліміз алдыңғы елдер қатарында болушы еді» деген сияқты пікірлер өте көп. Арасында  «Осындай блогер жігіт маған да жолықса екен. Жарайсың! Жақсылығын Алладан қайтсын!» деп онымен жолыққысы келетіндер де баршылық.

Ал блогер бұл идея оған аяқ асты келгенін айтады.

«Біз қайырымдылықпен жиі айналысқанымызбен, оны үнемі көрсете бермейміз. Кез келген адамға жақсылық жасауымыз мүмкін. Егер адам қиналып тұрса, барынша көмектесуге тырысамын. Біреуге көмектесуге мүмкіндігің болып тұрса, қайырымдылық жасаған жөн. Менің бұл идеямды әйелім мен отбасым қолдады», – дейді блогер.  

Нұрбектің айтуынша, тұрғындардың көбі оның бұл ісіне сенбеген және осы қайырымдылыққа шамамен бір миллион теңгеден аса қаржысын жұмсаған. Барлығы үш адамның несиесі жабылды. Видеода түсірілген күзетшінің 463 мың теңге несиесі қалған екен, оның 300 мыңын жауып берген. Ең қызығы, оның әйелі блогердің оқырманы екен, олар телефон арқылы сөйлесіп, келіншек блогерге күйеуімен суретке түсуді өтінді. Одан бөлек, блогер көшеде түрлі тауар сататын егде жастағы апалардың заттарын көбірек сомаға сатып алды. Ал олар блогерге бата беріп, ұзақ өмір тіледі. Нұрбек Нұртаз қайыр сұрағаннан гөрі, еңбек еткен дұрыс деп санайды.