Қазақстанда бәс тігуге шақыратын букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамасына тыйым салынуы мүмкін. Депутаттар осылай дабыл қақты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі
Бүгін Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелерімен бетпе-бет кездесіп, көкейіндегі сұраққа лезде жауап алды. Сауал қоямын деп, сөгіс алып қалғандар да бар. Мәселен, депутат Бақытжан Базарбек ауыл шаруашылығы вице-министрінен жерді қайтармай жатқандардың атын атауды талап етті. Алайда Әбілқайыр Тамабек жұмыс жайлы айтып, ешкімнің атын атамады. Осыған ашуланған депутат «жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен сіздерді қуып шығамыз» деп қойып қалды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутатқа қатаң ескерту жасады.
– Сұрақ қойғанда Бақытжан Жұмабекұлы тағы да қайталап айтамын, регламент сақтауды қамтамасыз ететін Палатаның төрағасы ретінде сізге ескерту жасаймын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Отырыс барысында елдегі лудомания туралы да сұрақ қойылды. Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев шаңырақтың шайқалуына себеп болып жатқан құмар ойындардың жарнамасына шүйлікті. Депутаттың айтуынша, бәс тігіп, бай бол деген сарындағы жазулар қоғамдық көліктен бастап, елдегі басты спорт арналарында жарнамаланып жатыр. Сондықтан матчтарға демеуші болатын букмекерлік кеңселерді түбімен жою керек екенін айтты.
– «Біз трансляция ала алмай қаламыз, ертең спорттық жарысты көре алмай қаламыз» дегім келеді. Бірақ күніміз, лудомания дертіне шалдықтыратын құмар ойын ұйымдастыратын компанияның ақшасына қарап қалса, ҚР азаматы ретінде сол спорттық жарысты көрмей-ақ қойдым. Мен бұған қарсымын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова соңғы кездері букмекерлік кеңселердің жарнамасы интернетте де, көшеде де көбейіп кеткенін мойындап отыр. Осыған байланысты сыртқы жарнамаларға тыйым салу көзделіпті. Ал депутат айтқан телеарналардағы жарнамаларды алу қиын екен.
– Букмекерлік кеңселердің өзінде жарнама жасауға рұқсат етіледі. Оны алып тастай алмаймыз. Сонымен қатар, спорттық телеарналарда, спорттық кешендерде және спорттық киімдерде құмар ойынның жарнамасына рұқсат бар. Бұл бізде ғана емес, халықаралық тәжірибе. Сондықтан мұндай стандарттарды ұстанамыз. Ал қалған жердегі мәселелерді шешуге тырысамыз, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Мәжіліс депутаттары соңғы кездері креативті түрде сауал жолдайтын болған. Осыған дейін Мақсат Толықбай халық жолдаған бір қорап хатты көрсетсе, өткен отырыста Дәулет Мұқаев бір уыс дәрілерді әкелген еді. Енді бүгін Дәулет Тұрлыханов қалтасынан вейпті шығарып, сұрақ қойды. Депутаттар Үкімет мүшелеріне 3,5 сағаттың ішінде 40-қа жуық сауал қойды.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Үкіметте талқыланған өзекті мәселе: биыл ішкі нарыққа ұн көлемі жете ме