Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері және халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Есенғали Раушанов өмірден озғанына 1 жыл толды. Қаламгер өз шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, өлмес өлең жазып, өшпес із қалдырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Есенғали Әдіжаппарұлы Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда дүниеге келген.
1976-1980 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алды. Алғашқы өлеңдерімен студенттік шағынан бастап таныла бастады. 80-ші жылдары елге кеңінен танылып, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Ақын Жанат Аскербек пен Маралтай Райымбекұлы оны қайталанбас талантты тұлға ретінде еске алып, өлең жолдарын арнады.
Ақынның бейітіне гүл шоқтары қойылып, басына Құран бағышталды.
Көзі тірісінде Есенғали Раушанов біраз жылдар бойы мәртебелі лауазымдарды иеленіп, жемісті еңбек етті.
1983-1987 жылдары «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болды. Одан соң 7 жыл бойы «Білім және еңбек» журналының бас редакторы қызметін атқарды. «Жазушы» баспасына басшылық етті.
Өзбек классигі Хамза Ниазидің өлеңдерін өзбек тілінен тікелей аударып, жеке кітап етіп шығарды. Ортағасырлық тарихи танымдық жәдігер «Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде Е. Раушанов тәржімасымен сөйледі. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Мәскеуде өткен жас ақын-жазушылар фестивалінің, сондай-ақ Қазақ КСР-і шығармашылық жастарының «Жігер» фестивалінің тұңғыш лауреаты. Қазақ КСР-і сыйлықтарымен және тәуелсіз Қазақстанның он жылдығы медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006), «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген баспа қайраткері, Ш.Есенов атындағы Ақтау техникалық университетінің құрметті профессоры болған.
Белгілі қаламгердің «Бастау», «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі», «Қара бауыр қасқалдақ», «Періштелер мен құстар», «Бозаңға біткен бозжусан», «Құстар біздің досымыз» секілді бірқатар жыр жинағы жарық көрген.
Ақынның өлеңдері ел ішінде кеңінен таралған. Желтоқсан көтерілісіне арналған «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңін, осы өлең негізінде жазылған әнді естімеген адам қазақ қоғамында кемде кем. Төменде ақынның «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңі ұсынылып отыр.
Қара бауыр қасқалдақ
Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.
Қарабауыр қасқалдақ, қасқалдағым, кері қайт,
Сиреп кеткен тоғайға қамықпа деп көңіл айт!
Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды.
Өз босағаң бұл жердің тауы, қыры, төбесі,
Босағасын басқаға тастай ма екен, о несі?
Қасқалдағым, кері қайт!..
Еске салсақ, Есенғали Раушанов коронавируспен ауырып, 64-ке қараған шағында дүние салған еді.