Қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Есенғали Раушанов өмірден өтті

egemen.kz
egemen.kz
Ортағасырлық тарихи танымдық жәдігер «Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде Е.Раушанов тәржімасымен сөйледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қасқалдағым, кері қайт, Сиреп кеткен тоғайға қамықпа деп көңіл айт!». Қазақ тарихының қым-қиғаш кезеңін «қара бауыр қасқалдақпен» әрлендірген көрнекті ақын Есенғали Раушанов өмірден озды. Жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Парасат және Құрмет ордендерінің иегері коронавируспен ауырып, 64-ке қараған шағында дүниеден өтті.  Қаламгер өз шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, өлмес өлең жазып, өшпес із қалдырды. «Алматы» телеарнасының ұжымы талант иесінің мезгілсіз өмірден озуына байланысты қайғырып, марқұмның отбасына көңіл айтады.

Есенғали Әбдіжаппарұлы 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда дүниеге келген. 1976-1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алды. Алғашқы өлеңдерімен студенттік шағынан бастап таныла бастады. 80-ші жылдары елге кеңінен танылып, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. Замандастары оны қайталанбас талантты тұлға ретінде еске алады.

«Есенғали Раушанов ақын ретінде қалай талантты болса, адам ретінде сондай мейірімді еді. Ол айналасына нұрын шашып жүретін. Осы қазаққа, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, қазақтың тіліне бір адамдай қызмет еткен адам болса, ол Есенғали болатын», – деді Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов.

Көзі тірісінде Есенғали Раушанов біраз жылдар бойы мәртебелі лауазымдарды иеленіп, жемісті еңбек етті. 1983-1987 жылдары «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болды. Одан соң 7 жыл бойы «Білім және еңбек» журналының бас редакторы қызметін атқарды. «Жазушы» баспасының директоры лауазымын иеленді.

«Оның есімі жалғыз Қазақстанға ғана емес, қаншама шет елдерге, көршілес республикалардың бәріне де мәлім. Бұл жерде қысталаң кезде Есенғалидай ақынның кетіп қалуы  – біздің бір үлкен бір қабырғамыз опырылып құлағандай күйге түсіріп отырғанын жасыра алмаймыз», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Көрнекті ақынның өзіндік ерек нақышы қалың өлеңсүйер қауымды ұйыта білген. Белгілі қаламгердің «Бастау», «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі», «Қара бауыр қасқалдақ», «Періштелер мен құстар», «Бозаңға біткен бозжусан», «Құстар біздің досымыз» секілді бірқатар жыр жинақтары жарық көрген.  Қаламдас дос-жарандары Есенғали Раушановты ақкөңіл, әзілқой, жайдарлы әрі рухты жан ретінде біледі.

«Қазақы рухпен, қазақы мінезбен ерекшеленіп, еңсемізді көтеріп тұратын. Бір рух болатын. Сол рухпен өстік біз Есенғали ағаның. Одан кейін жақсы танысып, араласып, Есенғали ағаның көп әңгімесін, ақыл-кеңесін тыңдадық», – деді ақын Бақыт Беделхан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасына көңіл айтты. Президенттің жеделхатында: «Ақын ретінде қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өр рухты өлеңдері мен поэмалары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын» делінген.

Новости партнеров