Алматы облысында оқушы сыныптасының көзіне қалам тығып алған

Алайда мектеп басшылығы Жедел жәрдем шақырудың орнына, көзі қанталаған баланы үйіне қайтып жіберген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соның салдарынан оқушы соқыр болып қала жаздады. Себебі қалам оның қарашығын тесіп, түрлі-түсті түстерді анық көретін жанардың пердесін жыртып жіберген. Сорақысы сол, мектеп басшылығы көзі қызарған балаға жедел жәрдем шақырмай, үйіне қайтарған, деп хабарлайды  «Еуразия бірінші арнасы».

Бір-бірімен келіспей қалған 7-сынып оқушылары Қарасай ауданы Береке ауылындағы мектепте оқиды. Ұлан Даниярұлының көзіне сыныптас қызы мазақтағаны үшін қалам лақтырып жібереді. Ол тура көз қарашығын жыртып жіберген. Алайда, ұстаздары «есектен кім құламайды» деген кейіп танытып, білім ордасынан медбике де таппай, үйіне қайтарған. Ата-аналарын ашындырып отырғаны да осы. Өйткені, қанталағанша қызырған көзі түк көрмей, түні бойы мазалап шығыпты, Ата-анасы түн ішінде көзім көрмейді деп қайта-қайта шағымданған перзентін бір тәуліктен соң ауруханаға алып келіпті.

«Жұмыстан түнгі он жарымдарда келемін. Баламды сол кезде көрдім. Көзі қып-қызыл боп қанталап, ісіп кеткен. Ертесіне баланы ауруханаға алып бардым. Олар шұғыл ота жасауға жіберді», - дейді зардап шеккен баланың анасы Татьяна Машадилова.

Балаға көмектесетін бір медбике табылмаған мектепте бүгін ығы-жығы. Ауданнан келген мамандар балаларды медициналық тексерістен өткізсе,  учаскелік полицейлер де біртіндеп әрқайсын тергеуге алуда. Ал білім ордасының директорына оқушысының соқыр болып қала жаздағаны емес, сайлау маңыздырақ сияқты. Жұмыс орнында жоқ. Есесіне, көзін сулап, бір бинтті орап үйіне қайтарған сынып жетекшісі кінәсін мойындап отыр.

«Кешіктік деп ойлаймын. Бір бірден жедел жәрдем шақыруымыз керек еді. Оны мойындаймыз. Бұл жерде баланың денсаулығын ойлап отырмыз», - дейді сынып жетекшісі Алима Сүйілбаева.

Ал «көзім көрмейді» деп шырылдаған ұлдарын ата-анасы әуелі Қаскелеңдегі ауруханаға апарыпты. Олар түк таппаған соң Алматыға келген. Мұндағы дәрігерлер бірден отаға жатқызған. «Оқыс оқиғадан кейін отыз сағаттан соң емге әкеліп отыр. Сәл кешіксе, бала соқыр болып қалар еді, дейді дәрігерлер.

«Көздің қасаң қабығына тиген, зақым келген. Бірақ ота барысында бәрін тігіп, қалпына келтірдік. Қазір бала көріп жатыр. Алайда емделуі керек», - дейді қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов.

Ауруханада жатқан 7-сынып оқушысы бір аптадан соң үйіне қайтады, жағдайы бірқалыпты, дейді дәрігерлер. Бірақ бұдан былай оқушы тіпті көзіне тозаң түссе де, міндетті түрде дәрігерге көріні керек. Өйткені бір рет жыртылған қарашық тағы жыртылмайтынына ешқандай кепілдік жоқ.


Новости партнеров