Stan.kz ақпарат агенттігі YouTube ұсынған «күміс батырмаға» ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл сыйлық порталға YouTube арнасындағы 100 мың жазылушы көрсеткішіне қолжеткізгені үшін берілді.
Stan.kz ақпарат агенттігінің YouTube арнасынан әртүрлі өзекті тақырыптар, соның ішінде соңғы жаңалықтар, әлеуметтік тақырыптар, қызықты кейіпкерлермен сұхбатты табуға болады. Осылайша, канал көрермендері елдегі елеулі оқиғаларға куә болады, тың тақырыптар төңірегінде ой қозғайтын контентті тұтына алады.
Ал каналдың 100 мың оқырман жинай алуы өз кезегінде жасалып жатқан контенттің маңызды әрі өзекті екенін, оқырман жүрегіне жол тапқанын көрсетеді.
«Бұл – бір ғана адамның емес, барлық команда мүшесінің еңбегі. Осы ретте Stan.kz оқырмандарына, осы межені еңсеруге көмектескен көрермендерге алғыс айтқым келеді. Алда әлі сапалы, маңызды, мазмұнды туындылар жарық көреді. Бізбен бірге болыңыздар!», – дейді Stan.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Назерке Мұса.
Айта кету керек, YouTube платформасы «күміс батырманы» соңғы жарты жылда контент жасаған, белсенді каналдарға береді, әрі онда авторлық құқық бұзылмаған, бұзушылықтар жасалмаған болуға тиіс.