Алматыда жексенбілік марафонға 250-ден астам адам қатысты

13.01.2020 18:01

Іс-шара Жетісу ауданында өтті

Спорт денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған шараға аудан басшысы Мақсат Қиқымов бастаған 250-ден астам жас пен зейнеткер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Марафонда ересектер 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтсе, зейнеткерлер скандинавтық жүріс спортымен шұғылданды. Шарада үздіктер қатарынан көрінгендерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Мұндай көңілді әрі денсаулық үшін пайдалы марафонды апта сайын өткізу жоспарланып отыр.

«Бүгінгідей тамаша ауа-райында денемізді шынықтырып, белсенділік танытқан барша қатысушыға ризамын. Жастарымыздың осындай спорттық, мәдени шараларға қатысып жатқандығы патриотизмнің белгісі деп білемін. Тек ауданда емес, қалада осындай шаралар өтіп жатса, барша алматылықтарды белсенді қатысуға шақырамын» - Жетісу аудандық Ардагерлер кеңесінің басшысы Тамара ШАКИРОВА.

«Шараның ең басты өзіміздің Елбасымыз айтып кеткендей, еліміздің басты байлығы бұл - адамдар, ал құндылығы денсаулық. Шараға көптеген адамдар келіп жатыр, бұл жастарымызға деген үлгі. Жетісу ауданының әкімшілігі және аудандық «Нұр Отан» филиалының бастамасымен өткізіп отырмыз» - қалалық мәслихаттың депутаты Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН.

Теги: марафон