Мұнда Тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы сайрап жатыр
Елбасы еңбек жолын бастап, білімі мен біліктілігін шыңдаған Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатта жастар саны көбейген. Мұнда көп жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан жас буын Тұңғыш Президентке еліктеп, зор құлшыныспен жұмыс істейтіндерін айтады. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев сарабдал саяси тұлға ретінде қалыптасып, ұшқан ұясын ешқашан ұмытқан емес. Былтыр күзде Мемлекет басшысы ретінде жасаған сапарында құрышты қаланың қордаланған көптеген әлеуметтік мәселелерін шешіп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Теміртау қаласының тарихы Елбасымен тығыз байланысты. Мұнда Тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы сайрап жатыр. Осыдан 60 жыл бұрын домна пешін салуға жан-жақтан жиналған жастардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Осында алғашқы шойын алынды. Сол кезден бастап Қазақстанда металлургиялық цикл бастауына із салынды. Ұлт көшбасшысы күндіз еңбек ете жүріп, кешке осындағы оқу орнында білім алды.
«Жұмыс істеп жүріп, бірге Теміртауда білім алдық. Ол уақытта күндіз жұмыс істеп, кешке сабаққа баратынбыз. Екі жыл білім алып осында қалып жұмыс істедік. Бізде комбинаттан бекітілген жолдама болды», - деді Елбасы Н. Назарбаевтың замандасы Қуаныш Омашев.
Елбасымен бірге оқып, еңбек еткен Тоқтархан Ысқақов Нұрсұлтан Әбішұлының өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Магнитка жұмысы тұралап қалған кезде жасаған жақсылығын, ерлігін ешкім ұмытқан жоқ, дейді. Сол жылдары металлургтердің әлеуметтік ахуалы күрт төмендеп кетеді. Осы кезде партияның жауапты қызметіне тағайындалған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Қарағанды металлургия комбинатына байланысты арнайы қаулы қабылдауына себепкер болады. Осыдан соң, кәсіпорынның жұмысы өрге басып, Теміртаудың да екінші тынысы ашыла түскен.
«Теміртауда еңбек еткен жылдары біздің тұрмыстық жағдайымыз нашар болды. Баспана жетіспеді, балабақшалар жоқ еді. Біз отбасы құра бастадық. Көбісі кері көшіп кетіп жатты. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселені көтеріп, біздің өзіміздің оқу орнымыз, спорттық кешендеріміз болу керек деген ұсыныс айтты. 1975 жылы республика бойынша еш жерде жүзу бассейні болған жоқ. Теміртауда алғаш пайда болды. Сол жерден біздің олимпиада жеңімпаздары шыға бастады. Мұз айдыны, үйлер, балабақшалар бой көтере бастады», - деді Елбасы Н. Назарбаевтың курстасы, әріптесі Тоқтархан Ысқақов.
Бүгінгі таңда Елбасыдан өнеге алатын, оған ұқсағысы келетін жастар легі өсіп келеді. Оның айқын дәлелі Нұрсұлтан Әбішұлы тер төккен Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинат. Қазақстандағы алып кәсіпорында металлург мамандығын меңгеріп, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап жатқандар көп. Олар да домна пешінде шарболаттай шынығып, шыңға шығуды мақсат тұтқан.
«Менің аға буыным еңбек жолын осы жерде бастаған. Атам Төлеген Бейсенбайұлы біздің Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге жұмыс істеген. Мен атамның бойынан комбинат қалыптастырған мінезді, қайтпас қайсарлықты, төзімділікті көрдім. Нұрсұлтан Әбішұлының еңбек жолын 1, 2-ші домна пешінен бастағаны бізге үлкен өнеге болды, жұмысымызға деген қызығушылығымызды арттырды десем артық емес. Енді біз осы жарық жолмен, Ұлт көшбасшысының жолымен жүріп келе жатқанымызды мақтан тұтамыз», - деді жас металлург Ахан Испатаев.
Жиырма жасар жалынды шағында қанат қатайтып, биікке самғатқан Қарағанды мен Теміртауға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сүйіспеншілік сезімі әркез айқын танылады. Аймаққа жұмыс сапарларында алдымен металлургтер шаһарына ат басын бұрып, бірден кешегі еңбектес әріптестермен қауышады. Комбинат жұмысшыларымен кездесіп, жағдайларын өзі сұрап біледі. Кәсіпорынды дамыту жоспарымен танысып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты маңызды міндеттер жүктейді. Соңғы келгенінде металлургиялық комбинат инвесторына қалаға әлеуметтік нысандар салуды тапсырған. Қазір емхананың құрылысы басталып кеткен. Сөзсіз, Теміртау - тәуелсіздік алған жылдардан бері тотыдай таранған. 30 жылда мұнда қаншама нысан салынып, қала көркейді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қарағанды облысына, жалпы қазақ еліне сіңірген есіл еңбегін Қарағанды қаласының тұрғындары ерекше бағалап, шаһардағы ең үлкен көшелердің біріне есімін берді. Бұл тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында қиын белестерден елін аман алып өтіп, тарих төрінен орын алған Нұрсұлтан Әбішұлына деген облыс жұртшылығы құрметінің бір белгісі ғана.