Ұсталғандар Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенті
Алматыда қару-жарақ дүкенін тонап кеткен ұрылар ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жолы Алматыдағы жоғары оқу орындарының екі студенті бөтеннің мүлкіне қол сұққан.
"Бұл Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны. Олар 20 жаста. 6 қаңтарға қараған түні қаскөйлер қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан. Олар ол жерден қару-жарақ, оқ-дәрі, арнайы техника және басқа да құрылғыларды ұрлаған. Күдіктілер кінәларын мойындап, қылмысты қалай жасағандарын айтып берді. Олар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тексеру жалғасуда", – деді Медеу аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.
Спикердің айтуынша, ұсталғандардың жеке басы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде орын алған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр.