|
20.11.2019 | 13:03
6952

Ахмет Жұбанов мектебіне 55 жыл

Дарынды ауыл балаларын кәсіби тұрғыда оқыту мақсатында Ахмет Жұбанов бұл мектепті 1964 жылы ашқан болатын

Ахмет Жұбанов мектебіне 55 жыл

Айтулы датаға орай, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында мерекелік іс-шара өтті. Мектеп ұжымы, елімізге танымал өнер тұлғалары концертке арнайы келіп, халыққа өз өнерлерін паш етті. Одан бөлек, ардагер ұстаздардың еңбегі еленіп, олар ерекше құрметке бөленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар еліміздегі ең үздік музыкалық білім ордасынан 55 жыл ішінде талай түлек түлеп ұшты. Үлкен өнер ошағынан нәр алған мектеп бітірушілері талай жылдан кейін алтын ұя мектеппен қайта қауышты.

«Кез-келген көрермен жас буын, орта буын көрермендер осы музыка мектебінің балаларға 55 жылда берген тәлім-тәрбиесін көреді. Олардың ішкі дүниесін байытып, оларды үлкен маман, қайраткер жасайды. Әр баланың фундаменті мектепте қаланады. Келген тыңдарманға бұл концерт үлкен ой салады. Өйткені осының өзі – үлкен өнеге, үлкен өмір. Тәрбиеленіп жатқан балалар біздің мектеп үшін үлкен тарих»,– деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен ҮКІБАЙ.

Ахмет Жұбанов 1964 жылы дарынды ауыл балаларын кәсіби тұрғыда оқытатын музыкалық мектеп ашты. Ол еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүріп, қарапайым қазақ отбасыларында өсіп келе жатқан өнерге құштар балаларды білімге, өнерге өзі итермелеген.  Содан бері, мектеп көптеген республикалық, халықаралық конкурстарда жеңіске жетіп, өзін биік тұғырдан көрсетіп келеді.  

«Осы балалар ертең 10-15 жылдан кейін скрипкашы, дирижер, флейташы болып шықса, арманым болмас еді деп айтатын. Ахмет Жұбанов ағамыздың арманы орындалды. Тек қана 5-10 жылдың ішінде біздің мектебіміз керемет, тамаша болды. Көбі мектепті тамаша бітіріп, ТМД-нің үлкен консерваториясына барып түскен», – деді ардагер ұстаз Темір ТКИШЕВ.

Салтанатты шара аясында ардагер ұстаздар марапатталып, құрметке бөленді. Оларға төс белгілер табысталды.

«55 жылдық шара аясында ардагерлерге құрмет ретінде ескерткіш тақта орнатып, 45 жыл қызмет еткен Кәусар Жаңбыровна деген ұстазымызға сынып аштық», – деді А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының директоры Нұркен ӘШІРОВ.

Өнер ошағын тәмамдаған біршама түлек әлемнің басқа да мемлекеттеріне кетіп, сол жақтан білім алса, тағы біршамасы өзі білім нәрімен сусындаған шаңырақта қалып, жас балаларға дәріс беруде. Атап айтсақ, өнер аспаптар бөлімін тәмамдаған оқушылардың көбі қазір осы мектепте ұстаздық етеді екен.

«Мен өзім осы мектепке 1965 жылы келдім. Содан бері осы Алматыда жүрмін. Соған өзімді өте бақыттымын деп ойлаймын. Бұл - бүкіл Қазақстан мәдениетінің мерейтойы. Өйткені, біздің түлектердің елдің мәдениетіне қсоқан үлесі зор», – деді А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты үрмелі аспаптар бөлімінің меңгерушісі Тасмұхан ИСЕНОВ.

Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 55 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде атап өтілді. Мектептегі симфониялық оркестр, джаз-бэнд, халық аспаптар, үрмелі аспаптар, камералық оркестрлері, жас өнерпаздар өз өнерлерін халыққа паш етті.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир