Америкалық боксшы қазақтың ұлттық ою-өрнегі бар киім киіп, қазақстандық жанкүйерлерге сәлем жолдады
WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андраде Дубайдағы Қазақстан павильонынан Геннадий Головкинге бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
"Бүгін біз Қазақстан павильонына келдік. GGG, біз сені іздеп жүрміз! Қайдасың? Big Drama Show жасайық!", – деді Андраде.
Одан кейін америкалық боксшы қазақтың ұлттық ою-өрнегі бар киім киіп алып, қазақстандық жанкүйерлерге сәлем жолдады.
"Бұл жерде қазақстандықтар мені таныды. GGG, сен мені бақытты қылуға міндеттісің! Жанкүйерлер қалайтын жекпе-жекті жасайық! Қазақстан – тамаша мемлекет!", – деді Андраде.
Айта кетері, 33 жастағы Деметриус Андраде кәсіпқой бокста бірінші орта салмақта өнер көрсетеді. Осы уақытқа дейін 31 жекпе-жек өткізіп, барлық қарсыласын жеңген. 19 рет нокаутпен ұтқан.
Ал орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымдамалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жекте жапониялық Риота Муратамен жұдырықтасады деген жоспар болған. Алайда карантиндік шараларға байланысты кейінге қалдырылды. Бокс кеші биыл наурыз немесе сәуір айларында өтуі мүмкін.