Бақытжан Сағынтаев Арыс қаласындағы үйлерді арнайы өз көзімен көруге барды

Бақытжан Сағынтаев Арыс қаласындағы үйлерді  арнайы өз көзімен көруге барды
Алматы қаласы әкімдігі 531 үйді жөндеп, 28 баспананы қайта салуды өз мойнына алған болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз
Арыстағы апаттың орын алғанына бүгін тура 99 күн. Осы уақытқа дейін аталған қалаға еліміздің барлық өңірінен көптеген көмек жөнелтіліп, жомарт жандар қол ұшын созды. Шаһарды 17 секторға бөліп, әр облыс қираған үйлер мен нысандарды қалпына келтіріп жатыр. Алматы қаласының әкімдігі бір аудандағы бүлінген 531 үйді жөндеуді өз мойнына алды. Ондағы 28 баспананы сүріп қайта салу керек болатын. Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Арысқа арнайы барып, тындырылған тірліктермен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев бірден Арыстағы мына үйге ат басын бұрды. Бұл осы қаланың құрметті азаматы Ізбасар Назаровтың қара шаңырағы. Жарылыс кезінде терезелері мен есіктері, қабырғалары бүлінген соң, үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Яғни, сыртқы сылағы жаңартылып, шатыры ауыстырылды. Жаңадан есік терезе салынған. Айтуынша, барлық баспана сараптамадан өтіп, сол бойынша құрылыс жүргізілді. Мамандар жасаған ақау актісімен келіспеген тұрғындар да болған екен. Алайда, ол мәселе де шешімін тауып, тұрғындар көңілдерінің толатынын айтады.

«Алматы қаласынан келген құрылысшыларға, Алматы әкімдігіне, сіз бастаған ұжымға рахмет. Көңіліміз толды», – деді Арыс қаласының құрметті азаматы Ізбасар НАЗАРОВ.

Ал үйлері мүлдем жарамсыз деп танылғандарға баспана басынан тұрғызылды. Ондай үйлердің саны бұл секторда 28. Мәселен Алмагүл Қайырбаеваның шаңырағы жаңадан салынған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары тұрғызылған баспананың қабырғаларын жарылыстың дүмпуі-ақ құлатыпты. Төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана жауаптыларға рақметтен басқа айтарым жоқ дейді.

«Тура өзіңіздің үйіңіз қандай, сондай қылып салып береміз деді. Енді еденіне линолеум төсеп, бәрін жаңартты. Қазір жылу құбырларын сырлап жатыр», – деді Алмагүл ҚАЙЫРБАЕВА.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шүкеев бастаған топ Арысты аралап болғаннан кейін, қасиетті қала Түркістанда салынып жатқан медиа орталыққа келді. Жобаның эскизімен және нысанның құрылысымен де жіті танысты. Заманауи орталықта соңғы үлгідегі жабдықтар орнатылмақ. Смарт аппараттар мен техникаларды Алматы қаласы тарту етеді.

Түркістандағы медиа орталықта 200-ден астам журналист жұмыс істейді. Оның ішінде облыстағы газеттер мен телеарналар да бар. Бірнеше республикалық арналардың тілшілік қосыны да осында ашылмақ. Жауаптылардың сөзінше, тілшілерді бір жерге тоғыстырған орталықтың құрылысы 15 қазанда аяқталады.  

Өмір Әнуарбек «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров