Бердібек Сапарбаев отандастарымыздан сабырлық сақтап, арандатулардың ықпалында кетпеуді сұрады
Өткен түнде Жамбыл облысының Қордай ауданында құқықтық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тұрақталды, ауылдықтардың өмірі қалыпты арнасына түсуде, деп жазады primeminister.kz.
Үкімет комиссиясы жұмысының екінші күнін ауылдар мен шекара маңы өткізу пункттерін аралаудан бастады.
«Қарасу» шекара бекетінде адамдар жоқ, ал Қырғызстаннан келген адамдар кезегі «Ауқатты» пунктінде пайда болған. Бұлар - осыған дейін көршілес республикаға кетіп қалып, енді үйлеріне оралып жатқан қазақстандықтар. Олардың ішінде әйелдер мен балалар көп.
Бердібек Сапарбаев отандастарымыздан сабырлық сақтап, арандатулардың ықпалында кетпеуді сұрады.
«Сіздерден арандатуларға ермеуді сұраймыз. Бұзылған барлық үйлерді біз қалпына келтіреміз, отбасыларға көмек көрсетеміз. Біздің мамандар жұмыс істеп жатыр, залалды бағалауда. Біздің барлығыңызға тағы айтарымыз, кетіп қалған, қазір Қырғызстанда өз туыстарын паналап жатқан жақын-жуықтарыңызға елге қайту керектігін жеткізсеңіздер», - деді Б. Сапарбаев өткізу пунктінде жиналған қауымға.
Б. Сапарбаев аудандағы жағдайдың тұрақталғанына сендірді.
«Президент тапсырмасы бойынша мұнда арнайы Үкімет комиссиясы келді, оның құрамында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары бар. Өткен тәулікте ешқандай оқиға да, құқық бұзушылық та болған жоқ. Жағдай тұрақталды. Құқық қорғау органдарының күшінің арқасында тәртіп пен қауіпсіздік орнатылды. Тағы да сіздерден арандатуларға ілеспеуді сұраймыз», - деді Б. Сапарбаев. Айта кетейік, елге оралып жатқан қазақстандықтар шекарадан жеңілдетілген режимде өтеді.