Волонтерлік қозғалыс ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық еріктілер форумында волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту керек екенін айтты. Сонымен қатар аталған саладағы стратегиялық бағыттарды көрсететін жаңа жол картасы әзірленбек. Ол құжат волонтерлік қозғалысқа тың серпін беріп, оның таяу жылдардағы дамуының басты бағыттарын айқындайды.
Қазақстанда 680 волонтерлік ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жеткен. Барлық аймақта фронт-кеңселер жұмыс істеп тұр. Ал ерікті боламын деушілер аталған офистерге барып дайындықтан өтсе болады. Бұл ретте Президент волонтер болу, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі деп санайды.
«Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз», –деді ҚР Президенті.
Халықаралық еріктілер форумында Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек дейді. Бұл ретте мемлекеттік және жекеменшік грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды екен.
«Волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Бесіншіден, волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзінің соңында Президент аталған форум еліміздегі волонтерлік қозғалысты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын айтып, барлық еріктіні елге адал қызмет етушілер деп сөзін түйіндеді Президент.
Айта кетсек, бүгінгі келелі кездесуге әлемнің 30 елінен қатысушылар арнайы келген. Олардың арасында БҰҰ-ның өкілдері, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияның мәдениет қайраткерлері бар.
Өмір Серікбекұлы, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы