Шамалғанға көпір керек! Осылай деп ашынған тұрғындар кешегі қайғылы жағдайдан кейін билікке талап қойып, жолды жауып тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірнеше жылдан бері қауіптің үлкені теміржолдан болды деп шағымданған тұрғындардың жан айқайын тыңдар құлақ болмаған. Осы уақытқа дейін өткелде аяғын сындырып, жарақат алғандарды былай қойғанда өлім санынан жаңылдық. Таңның атысы, кештің батысы үреймен өмір сүретін халге жеттік дейді шамалғандықтар.
«Бұл күнде сағат төртте басталады. Халық не ары, не бері өте алмайды», – дейді бір тұрғын.
«Бір шал мен кемпір қайтыс болды. Жақында бір Екпінді ауылының жігіті қайтыс болды», – дейді тағы бірі.
Алматыдан шығыс бағытқа қатынайтын пойыздардан басқасының бәрі осы жерден өтеді. Тоғыз жолдың торабын қосқан жерде мекендейтін тұрғындардың талабы біреу-ақ. Билік бізге дереу көпір салып берсе дейді.
«Мен өзім осы ауылда туып-өстім. Осы кезге дейін бірде-бір көпір салынған жоқ. Ал, Елтай мен Ұзынағашқа салды. Ол жерлерге қарағанда мына жерде халық әлдеқайда көп қой», – деді тағы бір тұрғын ашына.
«Бізге осы Шамалған бекетіне көпір салып берсе болды. Үкіметке басқа айтарым жоқ», – деді ауыл тұрғыны.
Күн сайын халықты қажытқан өткелде адам өтетін жер де жоқ. Жандарын шүберекке түйіп жүретін жүргіншілер мәселе тез арада шешімін таппаса зардап шегушілер саны күн санап арта береді дейді.
«Қаншама ауыр көліктер өтіп жатыр. Адамдардың кейде аяқтары қысылып қалады. Жығылады. Адамдарды басып кетеді. Осының бәрі ауыр көліктердің кесірінен. Жол шұрық тесік болғандықтан, көліктер баяу өтіп, тығын болады», – деді тағы бір ауыл тұрғыны.
Ал, кешегі кептеліс кезінде зардап шеккен екі баланың және анасының жағдайы әлі ауыр. Ақ халаттылар 2014 жылғы туған қызға бүгін күрделі операция жасаған. Үшеуі де жан сақтау бөлімінде.
«Екі қыз бала да ауыр халде. Қатты ұрылғаннан басына зақым келген. Сол себепті екеуі да комада. Тыныстау үшін арнайы құрылғыларға жалғанған. Дәрі-дәрмектің арқасында ұйықтап жатыр. Ал аналарының оң жақ иығы, 4 сол жақ қабырғасы, бұғанасы мен жауырыны сынған», – дейді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ НИЯЗБЕКОВ.
Бұл теміржол бекетінен күніне 65 пойыз өтіп, 10 мыңға жуық жеңіл көлік қатынайды екен. Осы көпір мәселесі шешілсе, бас ауруымыз жазылар еді дейді тұрғындар.
Ал, осыдан екі жыл бұрын дәл осы «Қанды өткел» атанып кеткен жерді біздің арна бірнеше мәрте көрсеткен еді. Сағаттап кептелісте тұрғанымыз былай тұрсын ай сайын шойын жолда жан тапсырып жатқандар саны артып барады деп шулап еді ел.
Қаншама халық тұрады бұл жақта, пойыз біресе қызды, біресе шалды басып кетіп жатыр. Кеше жақында бір баланы қақ ортасынан бөліп кетті. Халық бәрін көріп отыр», – дейді Зейнеп ШӘУДІРОВА.
«Көлік кептелісі кезінде жол полициясының құдайы беріп, қалталарын қампайтады. Әйтпесе, осы жолды реттеуге болар еді ғой», – деді тағы бір ауыл тұрғыны.
«Тағы қанша адам өлімін күтеміз? Шамалған стансасы назардан тыс қалған секілді. Әйтпесе, көпір салып берсін деп қанша уақыттан бері айтылып келеді. Құжат бойынша бірнеше жыл бұрын көпір салынған. Бірақ ол қайда?», – дейді
Тоғыз жолдың торабында тоғысқан жүздеген көлік кешке қарай араға алты минут салмай жиі жүретін темір жол көлігінің кесірінен күн бойы кептелісте тұруға мәжбүр. Ал, біраздан бері көпір салу ойда бар деген сол кездегі аудан басшысының орынбасары мынадай жауап берген болатын.
«Биыл 7 адам қайтыс болды. Осы өткелдің өзінде ақсақал кетті, әйел кетті, бала кетті. 19 жастағы студент қыз кетті. ҚТЖ-ның басшысы Еспановқада хат жазылды. Бірақ орындалмай жатыр», – дейді Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңа Шамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұрат НҮСІПОВ.
Айта кетейік, Алматыдан шығысқа қарай аттанған немесе келетін барлық бағыттағы пойыздар осы Шамалған арқылы жүйткиді. Енді бұл жағдайдан кейін мәселені дереу шешу керек деген тұрғындар талабы назарсыз калмайды деген сенімдеміз.