СҚО-да 300-ден астам ірі қара мал бруцеллезбен ауырды

24.09.2021 00:41

Қазір олардың иелері өтемақы алуға құжаттарын тапсырып жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстанда ірі қара малдан бруцеллез анықталды. Қауіпті дерт бірнеше ауданда тіркелген. Малынан айырылған жергілікті тұрғындар кезекті індет келмеді ме деп алаңдаулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоспарлы күзгі ветеринариялық зерттеудің нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында 49 ірі қара малдан бруцеллез анықталды. Оның 15-і Шахавское, 31-і Пенкьково ауылынынан, сондай-ақ Вознесенко, Большая малышка, Михайловка ауылдарында бір-бір сиырдан ауырған. Шахавское ауылының тұрғыны Саят Сәдуақасовтың бес бірдей сиыры бруцеллезге шалдыққан. Бар малынан айырылған оның қорасы бос қалыпты. Малмен күнін көріп отырған тұрғын енді екі баламды қалай асыраймен деп күрсінеді.

«Сатайын десең, тым арзан. Қазір мал бағу тиімсіз болып кетті. Әрине, мал ұстап, еңбектеніп, ауылда тұрғың келеді, мал асыраған жақсы ғой», – дейді Шахавское ауылының тұрғыны Саят Сәдуақасов.

Ветеринарлық заңнамаға сәйкес, мамандар ауруға шалдыққан малды арнайы жүк көлігіне артып, ет комбинатына тапсыруы тиіс. Тұрғындар онда барып мал бағасына өздері келіседі. Комбинатта сиырдың ішкі құрылысынан ПТР сынамасы алынады. Кейін оның нәтижесі бойынша мал иесіне 30 пайыз өтемақы төленеді.

«Жалғыз малым бар. Күзде өзім сойып аламын деп ойлағанмын. Малды бізге бер деп жатыр, береміз енді», – дейді күрсініп Шахавское ауылының тұрғыны Жанайдар Галиков.

Жергілікті тұрғындар, ауылда малсыз қалай күн көреміз деп алаңдаулы. Ал ветеринар мамандар бруцеллездің пайда болуына ауыл жұртшылығының өзі кінәлі деп отыр.

«Жаз кезінде, әсіресе, жайылым уақытында ауру қайдан келді? Бұл ауырған малдан жұғатын вирус. Халық әлі түсінбейді. Мал дәрігерінсіз жан-жақтан малды құжатсыз әкеледі», – деді Қызылжар аудандық ветеринария станциясының директоры Ербол Багенов.  

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 412  ірі қара мал бруцеллез ауруына шалдыққан. Бұған дейін қауіпті дерт Есіл, Қызылжар, Аққайың, Уәлихан аудандарында тіркелген болатын.

Нұргул Алина, «Алматы» телеарнасы