«Мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне мейлінше озық технологияларды енгізу қажет». Мұнай-газ саласының қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент өз сөзінде экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру басты міндет екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Сондықтан өндіріс көлемінің тұрақты өсуі үшін салаға озық технологияларды енгізу қажет. Мемлекет басшысы осылай деп, бұл секторда алдағы уақытта атқарылуы тиіс бірқатар міндетті атап өтті. Одан бөлек, Президент жақында ғана Атырауда полипропилен зауыты іске қосылғанына тоқталып, саладағы басқа да жобаларды уақытылы жүзеге асыру қажет деді.
«Мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Қазақстанда мұнай өндірумен қатар, оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Негізгі жанар-жағармай өнімдерінің көбі өз елімізден шығады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Биыл – Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толып отыр. Айтулы мерейтойға орай аталған саланың ардагерлері мен қызметкерлерін Ақордаға жинаған ел Президенті өз сөзін мұнайдың тарихынан бастады. Бұл датаның айтарлықтай белес екенін атап өтіп, еңбегі сіңген қызметкерлерді мемлекеттік наградамен марапаттады.
«Сіздің қолыңыздан мемлекеттік награда алғаныма қуанып тұрмын. Мұнай саласында 35 жылдан астам еңбек етемін. Қазіргі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы «Қаламқас» кен орнында талдаушы болып жұмыс істеймін. Құрметті Президент, мен секілді қарапайым жұмыскердің еңбегін бағалағаныңыз үшін алғысым шексіз», – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ талдаушысы Алмагүл Қошқарова.
«Менің мамандығым – бұрғышы. Осы салада 48 жыл қызмет еттім. Маңғыстаудағы Өзен, Қарамандыбас, Жетібай, Теңге, Асар кен орындарын игеруге ат салыстым. Егеменді елдің, тәуелсіз Қазақстанның өркендеп-өсуіне қажырлы қызмет жасап жатырсыз. Сол үшін мына ардагерлердің атынан табыс тілеймін. Аман болыңыз! Сау болыңыз!» – деді мұнай-газ саласының ардагері Майлыбай Өтебаев.
Мемлекет басшысы мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі деп атап, қызметкерлер мен ардагерлердің еңбегін жоғары бағалады.
Айта кетейік, аталған салада қазір 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы