Бүгін Almaty.tv тілшісі №23 Алматы-Ақтөбе бағытындағы пойызға тексеріс жұмыстарын жүргізу үшін арнайы рейдке шықты. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің және жол қауіпсіздігі инспекциясының қызметкерлерімен бірге жолаушыларды, сонымен қатар вагондардағы қауіпсіздік мәселесін тексерді.
Рейд жүргізуге жаз айларында көліктің осы түрімен қатынау қиын деген жолаушылардың шағымы түрткі болды. Вагондар жолаушыларға толы, барлығының билеттері қолында. Алайда жоспарлаған қалаға барғың келсе, жол жүру билетін бір ай, тіпті 45 күн бұрын сатып алу керек. Кейде болмай қалуы да мүмкін екен.
«Атырау қаласынан Алматыға тікелей билет жоқ болып, Ақтөбе арқылы алып отырмын. Осымен Ақтөбеге барып, әрі қарай Атырау пойызына ауысамын. Жазғы уақыттарды пойыздарға вагон қосу керек қой. Мынау не сұмдық?! Билет сатылатын күні кассада билет жоқ», –деді бір жолаушы.
«Негізінен бір жерге бару үшін билет табу өте қиын. Алдын ала 10 күн, бір ай бұрын тапсырыс беріп қою керек. Ал аяқ астынан қазаға, бір жерге бару керек болса, ешуақытта таба алмайсыз», – деді тағы бірі.
«Мүгедектерге арналған купеміз бар. Осы құрамнан оған арнайы екі орын бөлінген. Осы кісілерге жағдай арналып жасалған. Екі орыннан тұрады. Сосын оларға бөлек әжетхана қарастырылған», – деді пойыз басшысы НҰРТАЙ СЕКСЕНБАЕВ.
Кембағал жандарға арналған орын қарастырылғанымен, пойызға көтеріп мінгізу механизмі қарастырылмаған. Біз тексерген екі бағытта да ол болмады. Бұдан өзге тағы бірнеше кемшілікті анықтады құзырлылар.
«Тексеріс барысында 3 бірдей заңбұзушылық анықталды. Біріншісі – барлық вагондарда жолаушыларға арналған ауыз су диспенсері қойылмаған. Екінші – мүгедек жолаушыларды пойызға мінгізетін көтеру механизмі жоқ және соңғысы – төсек жабдықтарының қолданылу уақыты көрсетілген мөр жоқ. Анықталған деректер бойынша жауапты мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл саламыз», – деді Алматы қаласы Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Дәурен МАМАНОВ.
Алматы-Ақтөбе, Қазан-Алматы бағыттарын көз елегімізден өткіздік. Екі құрамда билетсіз мінген жолаушылар атымен болған жоқ.
«Жемқорлық фактілері мен құжатсыз жүрген жолаушылар анықталған жоқ. Барлығының билеттері бар, өздерінің жеке куәліктеріне сәйкес билеттер алынған», – деді Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің бас маманы Азамат БОТАБАЕВ
Арнайы ұйымдастырған тексерісіміз осылай аяқталды. Дегенмен, сапарға шығуды жоспарласаңыз алдын ала қамданып, бір ай бұрын билетті сатып алған дұрыс дейді жолаушылар.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы