Бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамту орталықтары өтініш беру сипатындағы қызметтерді көрсетуге бағдарланған еді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көмекке мұқтаж жастарды анықтау бойынша жаңа жүйе енгізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Көп жағдайда жастар жұмыспен қамту орталықтарына келмейді, оқыту бойынша сұрақтармен қызмет алуға жүгінбейді. Сондықтан біз әлеуметтік портрет бойынша көмекке мұқтаж, бірақ жұмысқа орналаспаған, оқымайтын, орталықтарға келмейтін адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін «ерте анықтау жүйесі» ақпараттық жүйесін енгіземіз. Бұл тұлғаларға проактивті форматты қолданатын боламыз», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамту орталықтары өтініш беру сипатындағы қызметтерді көрсетуге бағдарланған еді. Жастар өздері келіп тіркелсе, осы жылдан бастап өзара іс-қимылдың жаңа форматын енгізу жоспарланып отыр.
«Біз жұмыссыз жастарды өзіміз анықтап, оларға смс-хабарламалар жібереміз және онлайн-режимде оқудан өту, қысқа мерзімді курстардан өту немесе қоғамдық жұмысқа тарту сияқты түрлі қызмет түрлерін ұсынамыз. Яғни, бізге келмейтін тұлғаларға ақпарат жетуіміз керек», - деді Е. Біржанов.
Бұған дейін вице-министр жас қызметкерлердің үш айлық сынақ мерзімін алып тастауды ұсынған еді.