Көлік түгілі, адам жүре алмайды: Нұр-Сұлтанда «Нұрбесік» кешенінің тұрғындары батпаққа батып отыр

30.09.2021 18:11

Кешенде 200-ден астам үй бар

Амангелді Құрметұлы Facebook парақшасынан

Елордадағы «Нұрбесік» кешенінің тұрғындары батпаққа белшеден батып отыр. Көшеде көлік түгілі, адам жүрудің өзі қиын. Күз түскенде құбыр тартамыз деген мердігерлер көшенің астаң-кестеңін шығарып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Кәріз, ауыз су жүйелерін салуды «Прогресс KZ» ЖШС ұтып алыпты деп естідік. Құбыр жүргізуді көктемде бастаған. Бірақ жаз бойы ештеңе істелген жоқ. Енді міне, күз түскенде жерді бәрін қазып, шағынаудандағы көшелердің быт-шытын шығарды. Кейбір көшені бір емес, үш рет қазған. Тағы бірқатар көшеге құбырларды әлі төсеген жоқ, кәріз құдықтарының беті сол күйі ашық жатыр», – деп жазды «Нұрбесік» кешенінің тұрғыны Амангелді Құрметұлы Facebook парақшасына.

200-ден астам үй бар кешенде жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы қиындаған. Олар аяғына пакет орап, резіңке етік киюді әдетке айналдырған. Тұрғынның айтуынша, оқушылар мектепке барар жолда лай-батпаққа малынып, үстерін былғап келеді екен. 

«Балшықтан техника түгілі жаяу адамның жүруі мүмкін емес. Оқушылар жығылып-сүрініп, киімдерін былғап келеді. Қазіргі таңда аяққа пакет орау мен резіңке етік кию қалыпты дүниеге айналды. Кешеннің белсенді азаматтары Сарыарқа ауданының әкімдігін біраз мазалап еді, әлгі компанияға бүкіл қаржы аударылғанын айтыпты», – дейді тұрғын.