Алматыда қамауға алынған қалалық №4 клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевқа әріптестері жақтасып, тағылған айтыптың негізсіз екенін алға тартуда. Ал жұбайы Дина Тезекбаева бұл іске тікелей Президенттің араласуын сұрап, хат жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өйткені Қанат Тезекбаевтың ізіне қалалық полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев қайтыс болғаннан кейін түскен деп отыр.
Жол апатынан кейін Нұрсұлтан Күдебаев 7 қалалық клиникалық ауруханасына түседі, одан кейін №4 қалалық ауруханаға жеткізіліп, онда азаматқа ота жасалынады. Кейіннен, науқас Германияға жеткізіліп, сонда қайтыс болған. Осы жағдайдан 26 күн өткен соң Қанат Тезекбаев жұмысынан босатылып, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы, 3-бөлігі «Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы» бойынша айып тағылды.
Ал №2 мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оны екі айға тұтқындау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдаған. Бұл шулы оқиғаға қатысты толғырақ қорытынды жаңалықтарда айтатын боламыз.