Елімізде ТЖ кезінде табысынан айрылғандардан 351 мыңнан астам өтініш қабылданды
ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлемдер тағайындауға 351 мыңнан астам өтініш қабылданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«4 сәуірдегі таңғы сағат 9-дағы жағдай бойынша қазақстандықтардан төтенше жағдай кезеңінде (бұдан әрі – ТЖ) табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындауға 351 777 өтініш қабылданды. Оның ішінде eGov порталы арқылы – 292 281, 42500.enbek.kz сайты арқылы – 59 496 өтініш берілді.
Екі ресурс штаттық режимде жұмыс істеуде. Сонымен қатар оларда бір уақытта азаматтардың 65 мыңға дейінгі өтініші өңделеді, оның ішінде eGov-да –35 мың, 42500.enbek.kz сайтта – 30 мың өтініш», - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.
42500.enbek.kz сайтында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, барлық бекітілген санаттар үшін әлеуметтік төлем алуға өтінім беру мүмкіндігі іске асырылды.
Өтініштерді қарау және төлем тағайындау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды.
МӘСҚ-тан төлемдер қазірдің өзінде 68 614 адамға, оның ішінде проактивті форматта, яғни азаматтардың өтініштерінсіз (бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үшін) тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдайлар кезінде табысынан айырылу жағдайына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем мөлшері бір адамға айына 42,5 мың теңгені (ең төменгі жалақы) құрайды, ол келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады:
- орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
- жеке кәсіпкерлер (бұдан әрі – ЖК);
- жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (бұдан әрі – ЖП);
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;
- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС) бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдар;
- карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.