Әкімнің 100 күні: не істелді, не істелмек?

07.10.2019 18:16

Бақытжан Сағынтаевтың Алматы қаласының әкімі болып тағайындалғанына да 100 күн толыпты. Лауазымды орынтаққа жайғасқан азаматты жақынырақ танып-білуге «жүз күндіктің» тигізер септігі жоқ емес, деп хабарлайды Алматы ақшамы.

Сонымен есімі елге мәлім Бақытжан Әбдірұлы 100 күнде не атқарды? Ел оны қандай басшы деп бағамдап жатыр? Осыған тоқталайық.

 Ол Алматы қаласына әкім болып келе сала жұмыс жүргізу тәсілінің ерекшелігімен ел аузына ілікті. Шаһар басшысы бірінші қала тұрғындарымен жақсы қарым-қатынаста болу үшін әлеуметтік желілерде ресми парақшасын ашып, алматылықтарға бейнеүндеу жолдады.

"Алматы – әрқайсысымыздың жүрегімізден ерекше орын алған қала. Алматыға деген әр қазақстандықтың ықыласы ерекше. Бұл қала менің жастығымның, кәсіби кемелденуімнің куәсі. Менің басты мақсатым – Алматыны әр тұрғыны берекелі өмір сүретін қауіпсіз де қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Біз оған тек бірге, тізе қосып еңбек ету арқылы жете аламыз. Сондықтан сіздердің талап-тілектеріңізді біліп, уақытылы жауап беру мен үшін өте маңызды. Қаланың проблемалары мен даму стратегиясын сіздермен бірге ашық талқылағым келеді. Сіздермен тікелей байланыс орнату үшін әлеуметтік желілерге тіркелдім. Барлығымыздың тағдырымызбен байланысты маңызды шешімдерді әзірлеп, қабылдау кезінде сіздердің қолдауларыңыз мен үшін маңызды. Ақылдаса отырып, бірге жұмыс істейік", – деді қала басшысы.

Алматы «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамиды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолға алған әлеуметтік бағдарламаларына байланысты Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың барлық ауданын жете зерттеп, аралап шықты. Халықпен үнемі ашық кездесулер өткізіп, әр аудандағы кезек күттірмейтін мәселелердің шешімін табу қажеттігі айтылып, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қала активінің жиынында «Шетсіз қала» жобасы жүзеге асатынын жеткізгенде шет аудандарда тұратын тұрғындардың еңсесі бір көтеріліп қалды.

"Біріншіден, Алматының «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамуы. Біздің алдымызға мұндай бағдарламалық міндетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр. Ең өзекті мәселе – қаланың тарихи орталығы мен мегаполиске қосылған аудандарын, яғни Жаңа Алматы қаласын дамытудағы теңгерімсіздіктерді жою. Соңғы 10 жылда қала аумағы 2 еседен артық үлкейді. Осыған орай, жаңа ауданды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттілігі де күрт өсті", – деді шаһар басшысы.

Шынында да қаланың шеткі аудандарында шешімін таппаған мәселелер аз емес. Мәселен, әрбір 19 алматылық орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеген. Наурызбай, Алатау, Медеу, Түрксіб, Бостандық және Жетісу аудандарындағы 23 шағынауданда орталық сумен жабдықтау және кәріз жүйесі жоқ. Қала көшелерінің 35 пайызы жарықтандырылмаған немесе жартылай жарықтандырылған. Наурызбай, Алатау, Медеу және Бостандық аудандарына қосылған аудандарда – 40 пайызға жуық көше жарықтандырылмаған. Аудандардың бір бөлігі, ең алдымен Түрксіб, Жетісу, Әуезов аудандары – тұрғын үй және мектептермен толықтай қамтамасыз етілмеген. «Сондықтан біз әкімдік ретінде факторлардың ішінен біреуін бөліп-жармай, бір мезгілде экономиканы да және қолайлы ортаны да дамытатын боламыз. Біз қалалықтардың сұранысына қарай іс-қимыл жасаймыз. Қаланың дамуына «тұрғындар көзімен» қараймыз», – деді Б.Әбдірұлы.

Көшелерді жарықтандыру жұмыстары басталды

Қоғамдық кеңес мүшелері мен Полиция департаментінің басшылығы қатысқан алғашқы жиындардың бірінде мегаполис әкімі көшелер мен аулаларды жарықтандыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты факторының бірі екенін атаған болатын. Осы ретте Алматыда 208 көшені жарықтандыру жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін заманауи 4,8 мың LED-шамдарын орнату аяқталады. Алатау ауданында 14 көше, Бостандықта – 54, Жетісуда – 31 және Түрксіб ауданында 109 көшеге жарық беріледі.

Сонымен бірге, аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде Бақытжан Әбдірұлы Алатау, Наурызбай аудандарында жаңадан әлемдік стандартқа сай келетін, бүгінгі өмір талабына толық жауап беретін Оқушылар сарайының салынатынын айтып, құрылысы 2020 жылы басталатын мұндай ғимараттар қаланың басқа аудандарында да салынатынын жеткізді. Бүгінгі балалардың ертеңгі қала тұрғындары екендігі ақиқат. Сондықтан салауатты қала тұрғындарын қалыптастыру үшін түрлі спорт кешендері бой көтеретіндігін және олардың тегін болатынын жеткізді.

Қала әкімі қоғамдық қауіпсіздік туралы ойларымен бөлісі келе: «Бұрын да айтқанымдай, криминалды аудандарда қажетті қондырғылармен жабдықталған полицияның мобильді пункттері орнатылатын болады», – деді ол.

 

Барлық әкімдер әлеуметтік желілерде жеке парақшаларын ашты

Сонымен қатар, жаңа әкімнің келуімен жергілікті биліктің қала тұрғындары алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін «Тыңдаушы мемлекеттік қызметші» тұжырымдамасы белсенді енгізілді. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша аудан әкімдері мен қалалық басқарма басшылары ашық есік күндерін және арнайы орынға шыға отырып, тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізетін болды. Барлық аудандық әкімдіктер мен әкімдер әлеуметтік желілерде аккаунттарын ашты. Осы кері байланыс арналары арқылы мегаполистің әрбір тұрғыны өтініш беріп, кеңес сұрай алатын болды. Толғандыратын мәселелерін тікелей шешуге мүмкіндік алды.

Үздік ұстаз қала әкімінің кеңесшісі болады

Қала басшысы «Шетсіз қала» қағидатын ескере отырып, білім беру сапасын да жалпы қала бойынша біркелкі арттыруды көздейді. Осы ретте биыл 700-дей жас мұғалім бюджет қаражаты есебінен 20 АЕК көлемінде грант алатын болды. Сонымен бірге, жылына бір рет Алматыда ең үздік білім беру ұйымын 800 ЕТЖ көлемінде ақшалай сыйлықпен марапаттау дәстүрі жалғасатын болды. Демек, жеңімпаз мектеп 24 миллион теңгенің жүлдесін алады. Жыл сайын қаланың үздік педагогикалық ұжымдары да ақшалай сыйақы алатын болды.

"Материалдық қолдаудан бөлек ұстаз мәртебесін көтеру мақсатында конкурстың бас жеңімпазын менің штаттан тыс көмекшім етіп тағайындаймын. Ол менімен кез-келген уақытта – 27/7– байланыста болып, білім сапасын арттыру мен келешек ұрпақты тәрбиелеудегі кемел ойларын айтып тұрады. Сонымен қатар, Алматы қаласының мұражайларын оқушылар үшін тегін ету туралы шешім қабылдаймын. Сондықтан біз оқушылар сарайлары мен үйлерін кезең-кезеңімен шеткі жерлерде салуымыз керек. Оларды абаттандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізу қажет. Балалар үшін жүздеген ойын, спорт алаңдарын ашқан жөн", – деді Бақытжан Сағынтаев Тамыз мәслихатында сөйлеген сөзінде.

Руханият жанашыры

Қала әкімі Алматының рухани өміріне, ағарту саласына, зиялы қауымды ойланды¬ратын мәселелерге де ерекше көңіл бөліп келеді. Бақытжан Сағынтаев зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Алматыда соңғы 20 жыл бойы жөндеу көрмеген Қазақстанның Жазушылар үйін қайта қалпына келтіретінін жеткізді.

"Жазушылар одағына кірген бойда ғимаратты жөндеу үшін көп жұмыстар талап етілетіні көрініп тұрды. Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары үшін қалалық мәслихаттың шешімімен 250 миллион теңге қаражат бөлдік", – деді қала әкімі Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойында.

Сонымен бірге, қала әкімінің тапсырмасы бойынша әрбір ауданда жастарға арналған шағын кітапхана ашылатын болды. Ол жерде ғаламторы болады, шәй ішетін орны болады. Сөрелерден кітап алып, оқи бересіз. Онда ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылады.

Міне, осылайша, 100 күнде талай жүздесу өтті, біраз істің басы қайырылды. Десек те, қала әкімінің әлі атқарғанынан, атқаратыны көп. «Ел бастаған жігітті ел қолдаса игі» демекші, алматылықтар қазірде 100 күн қызмет қылған әкімінің ертеңіне зор үмітпен қарайды...

Серік Жұмабаев, "Алматы ақшамы"